Астана тойы - халықтың тойы

АСТАНА. Шілденің 3-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Астананың 10 жылдық мерекесінің жоғары деңгейде тойланғаны мәлім. Биыл да қала басшылары елорда даңқының туын жықпауға барын салып жатыр. Былтырғы тойға қатысқан 350 мың адамның 10 мыңнан астамы - алыс-жақын шет елден келгендер. Асқан ұйымшылдықпен өткiзiлген 118 шараны бiр миллионнан астам адам тамашалапты. Мерейтойды ән мен күйге бөлеуге 90 шығармашылық ұжым қатысып, 10 мыңнан астам әртiс өнер көрсетті.
None
None

  Елорда мерейтойы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында 8 мыңнан астам мақала, ақпарат, теле-радиохабарлартаратылды. Астананың 10 жылдық мерекесіне тарту ретiнде Тәуелсiздiк сарайы мен «Қазақ Елi» монументi және  «Жер-Ана» скульптуралық кешенi ашылды. «Той - халықтың қазынасы», он жылдық мерейтой қарсаңында және той кезiнде 23,4 миллиард теңгенiң тауары сатылып, қызметi көрсетiлдi. Биылғы деңгей қандай екенін тойдан кейінгі қорытындыдан көретін боламыз. Ал он бір жылдық қарсаңындағы әңгіменің бір парасы тойдың мәні мен мазмұны туралы болмақ. «Өткен он жылдықтың он бір жылдықтан айырмашылығы қандай?» деген сауалға Астана қалалық Мәдениет басқармасының бастығы Еркебұлан Ағымбаев:

- Ең бастысы Астананың он жылдық тойында өткен «Мыңжылдықтар тоғысы», «Түркі әуендері», «Көшпелілер өркениеті» фестивалі биыл тағы да жалғасады. Бір жыл ішінде қала да, әлем де, қоғам да өзгеріп, талап пен талғам арта бастады. Сондықтан, биыл жоспар етілген 40-тан астам шараның бірқатарының мазмұны да, мәні де өзгерді. Мәселен, «Жанды ескерткіштер», урбанизациялық, яғни «Қала мәдениеті» атты мәдени-көпшілік шарасы мен «Қала тазалығы», «Тұтынушыларға қызмет» секілді әлеуметтік мәнді іс-шаралар да атқарылмақ. Демек, Елбасы айтқан «елорда мен елордалықтар бар жағынан да басқаларға үлгі болуға тиіс» деген міндетті бұқаралық мереке аясында іске асыруды көздеп отырмыз,-деп жауап берді.

Сонымен қатар, елдік деңгейде ауқымды іс-шаралар қолға алынып отыр. Халықтың елдік рухты қастерлеуге деген ынтасын оятып һәм елдің елордаға деген ықыласын арттыру үшін ертең Астанада тұңғыш рет қазақтың Туы 111 метр биіктікке көтеріледі. «Атамекен» монументінде көтерілген көк Ту қаланың қай тұсынан қарасаң да, желмен желбіреп, көрініп тұрады. Бұдан былай ол жерде жыл сайын Елбасы қала күнінде келіп, Ту көтеріп, Қазақстандағы әскери оқу орындарын үздік бітірген курсанттарына Елбасы офицер  погондарын  тапсырады. Әнұран орындалады. Басқа да мемлекеттік-қоғамдық шаралар атқарылады.

Астана Астана болғалы мұнда ат басын Орталық Азияға, тіпті Еуразия аймағына бұрмаған талай тұлғаның табаны тиді. Рим папасы Иоанн Павел ІІ-нің қазақ еліне келуі -  «өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген нақылдың нақ айғағы. Одан беріде қазақ еліне, елордаға аяғы жеткенін айта жүретін талай мәртебелі меймандар келіп кетті. Елдің іші-тысында «Астана - бірегей тұлғалар арнайы келетін, бір көруге құштар әлем шаһарларының біріне айнала бастады» деген сөзді Арқаның желі ауыздан ауызға алып-қашып жүр. Бүгіндері аспанмен келіп, Астанаға табаны тиген Пласидо Доминго анау күні алыста жатып:  «Астана қаласында ұлттық мереке барысында концерт беретінім мен үшін үлкен мәртебе. Орталық Азия аймағындағы алғашқы сапарымды осынау ғажайып елден бастағалы отырмын»,  -  дегенін дүние жүзінің іргелі ақпарат құралдары төрткүл дүниеге жайып жіберді.

Қонақ келсе, қолда барын аямайтын, сабасының түбі сарқылып көрмеген қазақ баласы сырт көзге ынтымағын осындайда танытып, «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» жұмылып, азды-кемді шығынды жалпақ елдің мойнына салмауды ойласады. Астана қалалық мәдениет басқармасы бастығының айтуынша, әлемге аты жайылған Пласидо әншіге қатысты оны-мұны шығынды демеуші азаматтар өздері көтеріп алыпты. Ал, Астана қаласы басшылығы елімізге келген мәртебелі мейманға қазақ тыңдаушыларының алдында «құрауыз» қалмасын деп, «Абай» операсынан ария тыңдауға пейілді екенін білдіріпті. Ол қарсы болмаған. Миланның Ла Скала театрында, Венаның Саатс-опера театрында, Лондонның Король опера театрында, Париждің Ұлттық опера театрында, Чикагоның лирикалық опера театрында, Вашингтонның Операсында, Барселонаның Лицеу театрында, Буэнос-Айрестің Колумб атындағы театрда, сондай-ақ, Мадридтің Театро Реалында және Мюнхеннің Байериш Стаатс-опера театрында, Зальцбург пен Бейрут фестивальдарында  ән шырқаған, реперуарында 130 роль бар Доминго біздің Тәуелсіздік сарайында ән  әуелетіп, ән қоржынына қазақ әнін қосса, өзіне де үлкен олжа емес пе?!

Астана әуежайына табаны тиген сәтте «Мені оркестр құрамындағы жас музканттар күтіп алды. Осыған қарап мен қазақ елінің тек экономикалық дамуға ғана емес, мәдениетіне де назар аударып, айрықша мән беріп отырғанын таныдым»,  деді. «Сырт көз - сыншы», біліп айтатын шығар...

Қала әкімшілгі Астананың тойы - халықтың тойы екенін ескеріп, елдің мүддесі үшін, елдің рухы мен еңсесі биік болуы үшін, елорда басшылығының қалың елдің жолында барын аямауға бар екенін таныту үшін қоғамдық-көпшілік орындарда өтетін концерттерге халықтан ақы алмайды. Ал, бірақ, іргелі, өркениетті елге сай, мәртебелі сахнадан, концерттік сарайлардан ән айтатын әншілердің кешіне билет сатып алуға кеңес етеді. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, бұл жолғы концерттерде ханға да, қараға да, шенді-шенсіз шенеуніктерге де шақыру билеті таратылмайды. Табанақы, маңдай терің жан-дүниеңнің бір сергуінен артық па, сатып ал!  

- Ол ақша қала бюджетінің бүйірін шығарар-шығармас, бірақ, біздің ойымызда үлкен мақсат бар. Сондықтан, шенеунікке де, шенділерге де шарт бір - билет сатып алу керек. Себебі, тойдан түскен қаражаттың есебі  бар. Ол ақшалар арнаулы қорға құйылып, тиісінше игілікке пайдаланылады. Мәселен, былтыр Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен үлкен концерттен түскен ақшаға мүгедектерге мұқтаж арбасын сатып әпердік. Сол сияқты, елімізде, елордада емделуге ақшасы болмай, амалы құрып отырған, күрделі операцияға халы келмей жүрген  қаншама дертті жан бар! Ақылы ойын-сауық думаннан түскен ақшаның тіисті бөлігін соларға жұмсауға ниет етіп отырмыз. Демек, қала тойындағы мәдени шаралардан келген қаражаттың белгілі бір бөлігі әлеуметтік мақсаттарға жұмсалады, - деді Еркебұлан Ағымбаев.

... Биылғы Наурыз мейрамында  елордада ел көшкендей «Көш-керуен» атты салтанат болды. Ен даланы еркін жайлаған өр бабаның ер ұландарының қанын тулатқан сол бір театрландырылған көрініс көпке дейін көптің көкейінен де, көзінен де кетпеді. «Астананың ынтымағы - елдің ырысы» деген атпен өткен бұл шара шын мәнінде жүрегі бар жандарды елдік мұрат пен ұлттық мүдде жолында жұмылған жұмырықтай бірауызды етті. Осыны және елорда тойындағы атқарылмақ іс-шараларды саралай келе, мынадай бір тоқтам туады. Қазақ қанша жерден тойшыл, сауықшыл дегеннің өзінде тойды тәрбие мен үлгінің паш ететін оқиғаға айналдыра біледі. «Сұңқар құс  шашып жейді», «береген қолым - алаған», «бір күн дәмдеске - қырық күн сәлем». Демек, біле білген жанға, Астана тойының астарында алыс-жақынға айбары зор, ағайынға һәм аталы-балалы қауымға айтары бар шара. Күні кеше, көктемде «Астананы бірігіп саламыз» деген шараның негізінде сахнаның бір топ өкілі Алматыдан Астанаға келіп, қолына қалақ, кірпіш ұстап, ертеңгі күнгі біреуімізге пана, біреуімізге шаңырақ болатын үйдің қабырғасын қалауға қатысты. Бұл, бәлкім, біреуге ерсі көрінер, біреуге «әп, бәрекелді!» дегізер, бірақ, бұл арада мынаған мән берелік. Бұрынғы заманғы «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін!» деген ұранның жаңғырған түріндей, «Біргеміз, берік іргеміз» деп, қолдасып, қауымдасып, «бір жеңнен - қол, бір жағадан - бас  шығаратын» ниетке мегзеу. Соның жаңғырығындай, соның жауабындай, енді қала күнінде елордалық әлеуметтік сала өкілдерінің арасынан танымал әншілермен бірігіп көпшілік сахнада ән шырқау жөнінде арнайы жоба жасалды. «Астанамен бірігіп ән саламыз» атты шараға қатысамын деген жанға жол ашты. Алдын ала жүргізілген іріктеу шарасына 200-ден аса адам қатысты. Оның 16-сын Ренат Гайсин мен Нұрлан Абдуллин бастаған қазылар алқасы таңдап алды. Ертең кешке Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда он алты «сахна серкелері» кәсіпқой әншілермен бірігіп ән шырқайтын болады. Елорда әкімдігі аймаққа осылайша үлгі көрсетті. Бұл бәлкім, он алтының бірінің көптен күткен арманы шығар, немесе тіршіліктің ығымен сахнаға жете алмаған жандар шығар, кім біледі?! Ендеше, сол адамның бұдан былай өзіне осындай мүмкіндік туғызған Астана тойына, елордаға деген ықыласы арта түспей ме? Осылайша, кеше әншіні құрылыс алаңына шақырған елорда басшылығы той күні сахнаға қарапайым жандарды шығарып, көптің арасына алтын арқау болуға деген ықыласны танытты. Бұл - айтулы шараның бір ғана қыры. Ең бастысы Астана тойы - халықтың тойы, елдің мүддесі - көптің мүддесі. Астанадағы қала күні осы ойға бекітеді.  

Соңғы жаңалықтар