Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астана тұрғындарының 41%-ға жуығы спортпен тұрақты айналысады

АСТАНА. KAZINFORM - Соңғы екі жылда Астанада дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысатын тұрғындар саны 75 мыңнан астам адамға артты. Бұл туралы қала әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлады.

жартылай марафон
Фото: Алматы әкімдігі

Басқарма мәліметінше, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатындар саны:

- 2023 жылы – 551 692 адам;

- 2024 жылы – 601 200 адам;

- 2025 жылы – 627 057 адамға жеткен.

– Осылайша, 2024 жылы тұрақты спортпен айналысатындар қатары 49,5 мың адамға артса, 2025 жылы тағы 25,9 мың адамға көбейген. Екі жылдағы жалпы өсім 75 365 адамды немесе шамамен 14% болды, - деп хабарлады аталған ведомство.

Бұл көрсеткішті елорда халқының жалпы санымен салыстырғанда, спортпен тұрақты айналысатындардың үлесі де арта түскен. Есеп бойынша, 2023 жылы бұл көрсеткіш шамамен 38% болса, 2025 жылы 41%-ға жуықтаған.

Айта кетейік, басқарма 2026 жылға қатысты ешқандай дерек ұсынған жоқ.

Көрсеткіштің қалай есептелетініне қатысты ведомство мемлекеттік статистикалық есепке алу әдістемесі қолданылатынын түсіндірді.

– Оған спорт секциялары, клубтар, фитнес орталықтары және басқа да ұйымдастырылған дене шынықтыру сабақтарына тұрақты қатысатын тұрғындар енгізіледі. Есепке қажетті мәліметтерді спорт ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдар ұсынады, - делінген хабарламада.

Астананың әлемдік спорт орталықтарының біріне айналу жолы туралы толығырақ мына материалдан оқи аласыз.