Астана тұрғындары қала көшелеріндегі камералар түсірген видео материалдарды ала алады
«Бүгін біз «Астана қаласында сурет, бейне жазу және бейне талдау аппаратық-бағдарламалық кешенін жасау және пайдалану» жобасын іске қоспақпыз. Жобаның мақсаты - қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ол мемлекеттік-жекешелік серіктестік тетігі бойынша жүзеге асырылады», - деді ол БАҚ өкілдеріне жобаны таныстыру барысында.
Оның айтуынша, Астананың Ситуациялық орталығына қосымша 13 мың камера қосылады. Оның 10 мыңы жаңа камералар болса, 3 мыңы бүгінгі күні жұмыс істеп тұр.
«Атап айтқанда, жолдарда 6000 камера орнатылып, қаланың барлық көше қиылыстары (шамамен 400 қиылыс) қамтылады. Бұған қоса, 300 желілік учаскеде де камералар болады. 4 мың камера адамдар көп жиналатын алаңдарда, сауда ойын-сауық орталықтарында, театрларда орнатылады. Қазіргі күні мешіттерде, сауда ойын-сауық орталықтарында, спорт ареналарында жұмыс істеп тұрған 3 мың камера қаланың Ситуациялық орталығымен біріктіріледі. Мұнан бөлек жол-шолғыншы полиция қызметкерлеріне 200 планшет беру жоспарланған», - деді басқарма басшысы.
Әбдіқадыровтың дерегінше, аталған камералар көліктердің нөмірлерін, жылдамдық режімін анықтап, жолдың тұтас, стоп және автобус жолақтарын қиып өту сынды бұзушылықтарды тіркейді.
«Сонымен қатар біз қала тұрғындарының сұранысы болған жағдайда видео материалдарды алуға мүмкіндік береміз. Сізге қатысты кез келген құқық бұзушылық орын алса, мәселен, көлігіңіздің терезесін сындырса не басқа жайт орын алса және ол камера объективіне ілінсе, онда бұл ақпаратты да сұраныс жасасаңыз береміз», - деді Әлішер Әбдіқадыров.