Астана тұрғындарының наразылығын тудырған жол қиылысына бағдаршам орнатылады

Елорда тұрғындары Қ. Мұхамедханов көшесінің бойындағы жол қиылысына бағдаршам орнатып, көлік қозғалысын реттеуді сұрайды.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі Қ.Мұхамедханов көшесі мен Тұран даңғылы қиылысында бағдаршамдар қолданыстағы зияткерлік көлік жүйесінің (ITS) құрамына кіретінін хабарлады. Қиылысатын бағыттардың басымдығы бойынша шешім көлік ағыны қозғалысының қарқынын айқындау арқылы автоматты түрде қабылданады.
Сондай-ақ, ресми жауапта жыл соңына дейін BI City Tokyo және Manhattan тұрғын үй кешені ауданында бағдаршамның орнатылатыны айтылған.
Одан бөлек, тұрғындар қоғамдық көлік мәселесін де қозғап отыр. Айтуларынша, жолаушыларды көшенің қиылысына түсіріп кетеді. Ол жерде қоғамдық көлік белгісі бар, бірақ аялдама жоқ.
«Айтматов көшесі бойындағы «Памир» және «Сеул» тұрғын үй кешені маңындағы аялдаманы желден қорғайтын күту павильонын орнату қарастырылған. Жобаны іске асыру 2022-2023 жылдарға белгіленіп отыр», - делінген ресми сауал жауабында.
Тұрғындардың мәлімдеуінше, аталған ауданда «Сергек» бейнебақылау камерасы да жоқ.
«Бүгінгі таңда жоба аясында «Сергек» аппараттық-бағдарлама кешені орнатылған. Жобаны кеңейту және қаржыландыру жағдайында Нұр-сұлтан қаласының полиция департаментімен келісу кезінде осы мекенжай бойынша «Сергек» АӨК қосымша орнату жүзеге асырылады», - деп толықтырды қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасынан.