Астана түтіннен қашан арылады
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл сайын жылыту маусымында елорданы түтін басатыны бар, әсіресе от жағатын жеке секторларда. Бұл мәселе қашан шешіледі? БАҚ өкілдері осы сауалдың жауабын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннен сұрады.
«Астанадағы жеке секторлар мен қала іргесіндегі елді мекендерді газдандыру жүріп жатқанын бұған дейін бірнеше рет айттық. Сондықтан газ тарту жұмыстардың аяқталғанын күтейік, содан соң жағдай өзгереді деп ойлаймын», - деп қысқа қайырды Серік Жұманғарин Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, вице-премьер елорда мен Ақмола облысында газ тарту жұмыстары белсенді жүріп жатқанын айтты.
«Ақмола облысына қарасты Александровка ауылы ауасы лас кенттердің бірі. Ауылда осы жаздан бастап газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп алдағы уақытта бір нәтижесі болар деп үміт арттыды.
Еске сала кетсек, елордадағы түтін мәселесі бұрыннан қозғалып келеді. 2017 жылы Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев түтін мәселесін шешу жолдарын айтқан еді.
Былтыр елорданы қою түтін басып, жағымсыз иіс жайлаған еді. Тұрғындардың шағымынан соң ауа сапасының неге бұзылғанын Қазгидромет мамандары түсіндірді.