Астана үш халықаралық туристік ұйымға мүше болды
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
— Маңызды жетістіктердің бірі — Астананың бірден үш халықаралық туристік ұйымның құрамына кіруі. Бұл қадам елорданы халықаралық туристік нарықта кеңінен танытып, шетелдік туристер санын арттыруға мүмкіндік береді, — деді Мақсат Жаңабаев.
Спикердің сөзінше, биыл Астана Германия, Қытай және Оңтүстік Кореяда өткен ірі халықаралық туристік көрмелерге қатысты. Сонымен қатар Мәскеуде және Ресейдің шекаралас қалаларында роуд-шоулар ұйымдастырылған.
— Кездесулердің нәтижесінде шетелдік серіктестермен 400-ден астам келіссөз жүргізілді. Соның қорытындысы бойынша, туризм саласындағы ұйымдар арасында ынтымақтастық туралы келісімдер мен коммерциялық шарттарға қол қойылды, — деді ол.
Мақсат Жаңабаевтың айтуынша, елордада туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. Қазір қалада 100-ден астам туристік нысан жұмыс істейді.
— Биыл Сингулярлық музейі мен Қазақстан теміржолы тарихы музейі ашылып, экскурсиялық бағыттар кеңейтілген. Сонымен қатар туристерге арналған навигация мен сервистік қызмет көрсету жүйесі де жетілдіріліп жатыр, — деді басқармасы басшысының орынбасары.
Бұдан бөлек, оның сөзінше, Астанада медициналық туризмді дамытуға да басымдық берілген. Осы мақсатта шетелдік мамандар үшін жетекші клиникаларға таныстыру турлары ұйымдастырылып, елорданың медициналық ұйымдары халықаралық көрмелер мен роуд-шоуларда таныстырылып жатыр.
Осыған дейін биыл Астанаға қандай әлемдік жұлдыздар келетіні жөнінде жаздық.