«Астана» велошабандозы «Джиро д’Италияда» үшінші рет жүлдегер атанды

АСТАНА. KAZINFORM – XDS Astana Team командасының уругвайлық шабандозы Томас Сильва «Джиро д’Италия» көпкүндік веложарысының 12-кезеңінде үшінші орын алды.

Томас Сильва
Фото: SprintCycling / Instagram

Ұзындығы 175 шақырым болатын кезең Империя қаласынан басталып, Нови-Лигуре қаласында аяқталды.

Кезең жеңімпазы Bahrain Victorious командасының бельгиялық спортшысы Алек Сегарт атанды. Ол жарыстың соңғы шақырымдарында сәтті серпіліс жасап, мәреге бірінші болып жетті.

Екінші орынды Lotto Intermarché командасының өкілі Тон Артс иеленді.

Ал Томас Сильва жеңімпаздан үш секунд кейін келіп, үздік үштікті түйіндеді.

Жарыстан кейін Сильва кезеңнің өте тартысты өткенін айтты.

– Біздің топта бірнеше шабандоз болды және спринтті мен арқылы ойнату керегін түсіндік. Алек Сегарт соңғы үш шақырымда өте мықты болды және жеңіске жетті. Оны жеңісімен құттықтаймын, – деді Томас Сильва.

Сондай-ақ ол командаласы Альберто Беттиольге алғыс айтып, оның өзін мәреге дейін тиімді позицияға шығарып бергенін атап өтті.

Айта кетейік, XDS Astana Team спортшылары биылғы «Джиро д’Италияда» жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Бұған дейін Диего Улисси де жарыстың 11-кезеңінде үшінші орын алған болатын. Ал Давиде Баллерини алтыншы кезеңде жеңіске жеткен еді.

Томас Сильва қазіргі «Джиро д’Италияның» басты жаңалықтарының біріне айналды. Ол жарыстың екінші кезеңінде топ жарып, екі күн бойы көшбасшының қызғылт жейдесін иеленген.

Сонымен қатар уругвайлық шабандоз бұған дейін де бесінші кезеңде үшінші орын алып, жүлдегерлер қатарына енген болатын.