«Astana Winner 2026»: Қазақ тазыларының саны екі жылда 4 есе өскен

АСТАНА. KAZINFORM - Елордада ит тұқымдарының «Astana Winner 2026» атты ауқымды халықаралық көрмесі жұмысын бастады. Биыл ұлттық мақтанышымыз, қазақ тазылары халықаралық стандартқа сай тіркелу көрсеткішінің рекордтық деңгейіне жетті.

«Astana Winner 2026»: Қазақ тазыларының саны екі жылда 4 есе өскен
Фото: Камила Мүлік

Текті тұқымның қайта түлеуі

Екі күнге созылатын айтулы шараны «Қазақстан кинологтары одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр. Көрме Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы саналатын қазақ тазысын сақтау және халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған.

«Astana Winner 2026»: Қазақ тазыларының саны екі жылда 4 есе өскен
Фото: Қазақстан кинологтар орталығы

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, соңғы жылдары елімізде тазы тұқымын жүйелі түрде өсіру мен құжаттандыру ісі жаңа қарқын алды. Оған мемлекет басшысының тазы мен төбетті сақтау туралы тапсырмасы мен арнайы заңнамалық базаның қабылдануы тікелей әсер еткен.

Қазақстан кинологтар орталығының директоры Бауыржан Серікқалидың айтуынша, қазіргі таңда таза қанды тазылардың саны бойынша оң динамика байқалады.

- Біз үшін ең маңызды көрсеткіш - асыл тұқымды иттердің туу көрсеткіші. Мысалы 2023 жылы жұмысты бастаған кезде жылына небәрі 93 тазы итінің күшіктері тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 411-ге жетті. Екі жылдың ішінде таза қанды тазылардың дүниеге келуі 4 есеге өсті. Қазіргі таңда біздің біріңғай асыл тұқымды кітабымызда 4000-ға жуық таза қанды тазы тіркелген, - деді Бауыржан Серікқали.

Қазақстан кинологтар орталығы
Фото: Қазақстан кинологтар орталығы

Халықаралық деңгей және FCI талаптары

Көрменің мәртебесін Халықаралық кинология федерациясының (FCI) Президенті Тамаш Яккельдің (Венгрия) қатысуы айқындай түседі. Сонымен қатар Швейцария, Қытай және басқа да елдерден келген беделді сарапшылар иттердің экстерьері мен темпераментіне баға берді.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанға тазы тұқымын әлемдік деңгейде толық заңдастыру үшін 10 жылдық мерзім берілген. Бұл уақыт ішінде әрбір иттің генетикалық анализі жасалып, халықаралық көрмелерде тұрақты түрде көрсетілуі тиіс.

Қазақстан кинологтар орталығы
Фото: Камила Мүлік

Қазақстан кинологтар одағының тазы тұқымы бойынша ұлттық клубының президенті Елена Хардина тазының әлемге танылуы еліміздің ұлттық беделіне әсері мол екенін жеткізді.

- Әр ел өз итін мақтан тұтады. Германияда неміс овчаркасы, Венгрияда венгр аңшы иті дегендей. Біздің де мақсатымыз - тазыны әлемдік деңгейге шығару. Ең басты жеңісіміз - осыдан екі жыл бұрын Халықаралық кинология федерациясы (FCI) тазы тұқымының стандартын ресми түрде Қазақстанның меншігі ретінде бекітті. Енді бізге 10 жылдық мерзім берілді. Осы уақыт ішінде біз толық құжаттаманы дайындап, әр иттің асыл тұқымды екенін дәлелдеп, әлемдік деңгейдегі позициямызды нығайтуымыз керек, - дейді Елена Хадина.

Қазақстан кинологтар орталығы
Фото: Камила Мүлік

Тамерланның тағдыры: Көрменің басты кейіпкері

Көрмеге қатысушы 350 ит арасында ерекше назар аударған - Тамерлан есімді тазы. Оның оқиғасы текті жаратылыстың өмірге деген құштарлығының символына айналғандай.

Елена Хадинаның айтуынша, 2024 жылы оның барлық күшіктерң белгісіз жұқпалы ауруға шалдығып, бірінен соң бірі өле бастаған. Соңғы болып қалған күшікке иесі «Тамерлан» деп ат қойған.

- Ол аурудан айығып, аман қалды, бірақ соның зардабынан буындарына зақым келіп, аяғы ақсап жүрді. Бірақ ветеринарлар мен мамандардың көмегімен Тамерлан қайтадан аяққа тұрды. Бүгін ол рингте өте әдемі жүріп өтті. Сарапшылар оның қайсарлығына тәнті болып отыр, - деді иесі Елена.

Қазақстан кинологтар орталығы
Фото: Камила Мүлік

Тазы тұқымының болашағы қандай?

Көрме тек сұлулық сайысы емес, бұл - үлкен зоотехникалық жұмыс. Мұнда әр иттің тістері, жүні, жүрісі, тіпті мінез-құлқы сарапқа салынады. Тазы тұқымының стандарты бойынша, ол адамға агрессия көрсетпей, сабырлы болуы керек.
Бауыржан Серікқали атап өткендей, қазіргі таңда кинологтар тек қалаларда ғана емес, алыс шалғай ауылдарға да барып, тазыларды тіркеуге алмақ.

- Ауылдағы ағайынның клубтармен байланыс орнатуға мүмкіндігі аз. Сондықтан біз өзіміз барып, стандартқа сай келетін иттерді анықтап, оларға бастапқы құжаттарын рәсімдейміз. Бұл біздің біріңғай генетикалық қорымызды байыта түспек, - деп түйіндеді кинолог орталығының директоры. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Елена Хадинаның кинология саласындағы көпжылдық еңбегі мен оның иттерінің әлемдік аренадағы жетістіктері туралы толығырақ жазған болатынбыз.