Астана жұрты Азиядада алтын алған биатлоншы Киреевті қарсы алды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана жұрты әуежайдан қысқы Азия ойындарында ел қоржынына бір алтын, бір күміс медаль салған биатлоншы Владислав Киреевті қарсы алды. 

Астана жұрты Азиядада алтын алған биатлоншы Киреевті қарсы алды
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Қытайдың Харбин қаласында өткен ІХ қысқы Азия ойындарында Владислав Киреев биатлоннан жекелей сында чемпион атанған еді. Сондай-ақ Әсет Дүйсенов, Александр Мухин, Кирилл Бауэр сынды үш жерлесімен бірге қатысқан командалық сайыста күміс медаль жеңіп алған болатын.
Спортшы бүгін таңертең Ыстанбұлдан Астана әуежайына келіп қонды. Онда оны жанкүйерлері, бапкерлері және БАҚ өкілдері күтіп алды.

— Биатлоннан Азия ойындарында спринттік жарыстан алтын алдым, ал эстафеталық жарыста күміс бұйырды. Жарыс тартысты өтті. Кей сәттерде нысананы көздеуден мүлт кетіп жаттым. Сол үшін айып айналымы да берілді. Бірақ ол да алтынға деген ұмтылысымды тежей алған жоқ. Ақыры жеңіс тұғырынан көріне алдық, - дейді биатлоншы. 

Астана жұрты Азиядада алтын алған биатлоншы Киреевті қарсы алды
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Спортшы бүгінгі таңда Алматыда әскери борышын өтеп жатыр екен. Бұл жарысқа ол сарбаздық міндетін өтей жүріп дайындалғанын айтты. 

— Біз әскерге бара салысымен жас сарбаздың қысқаша курсынан өттік. Ант қабылдадық. Содан соң бізді дайындалу үшін демалысқа жіберді. Осылай әскери борышымды өтей жүріп, Азия ойындарына дайындалдым. Осындай мүмкіндік берген қолбасшыларға, Орталық спорт клубына алғыс айтамын, - деді Владислав Киреев. 

Астана жұрты Азиядада алтын алған биатлоншы Киреевті қарсы алды
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Сондай-ақ ол бүгін Швецарияда өткен әлем чемпионатынан келе жатқанын айтты. 

— Қытайдан Еуропаға ұшып бару оңай тиген жоқ. Арада үлкен қашықтық жатыр, одан бөлек сағат белдеуі де қатты құбылады. Осының әсерінен Әлем біріншілігінде жақсы нәтиже көрсете алмадық, - деді биатлоншы. 

Сөз соңында Владислав елге оралғанда мұнша көп адамның қарсы алып, құрмет көрсеткеніне ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, Азиадада алтын алған күні Владислав Киреев біздің агенттікке пікірін бөліскен болатын.

Соңғы жаңалықтар