Астана жұртшылығынан келіп түсетін сауалдардың басым бөлігі тұрғын үй мәселесіне қатысты - И. Тасмағамбетовтың есебі
АСТАНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Астана жұртшылығынан келіп түсетін сауалдардың басым бөлігі тұрғын үй мәселесіне қатысты.
Бұл туралы қала жұртшылығымен есеп беру кездесуінде елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.
Елордадағы тұрғын үй мәселесіне тоқталған әкім, «қалалық сайтқа келіп түсетін сауалдардың 70 пайыздан астамы Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына, жалға берілетін тұрғын үй, үлестік құрылыс нысандарының тапсырылуы мәселесіне қатысты»,-деді.
Қала басшысының айтуынша, осындай түйткілдер қазіргі күш-жігермен қаншалықты атқарылып жатса да, азаймай тұр. Бұған елорданың тұрғылықты жер ретінде тартымдылғы себеп болып отыр. Бүгінде әлеуметтік жағынан әлсіз топтар санаты бойынша коммуналдық тұрғын үй кезегінде 21 мыңнан астам адам тіркелді.
«Жалпы үш жылда 4 млн. шаршы метрден астам тұрғын тапсырылды. Бұл 40 мыңнан астам пәтерді қамтиды. Алдағы 3 жылда түрлі құрылыс көздері арқылы біз 5 млн. шаршы метрге жуық тұрғын үйді пайдалануға береміз»,-деді әкім.