Астанада 1-сыныпқа үшем қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада бірінші сыныпқа құжат қабылдау науқаны басталғаннан кейін бір мектепке бір үйдің үшем баласы қатар қабылданды.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, №37 мектеп-лицейне Күнтуған Бақыт, Айтуған Бақыт және Нұртуған Бақыт есімді үшемдер құжат тапсырған.
Жаңа оқу жылында олар бірінші сыныпта қазақ тілінде білім алады.
– Құлыншақтарымыздың қадамдары құтты болып, білім жолында биік белестерді бағындырсын. Елін сүйетін, тәрбиелі әрі білімді азамат болып өссе екен дейміз, – дейді ата-аналары.
Бір отбасының үш перзентінің мектеп табалдырығын қатар аттауы ата-аналар үшін де, білім ордасы үшін де ерекше оқиға болды.
Айта кетейік, Астана қаласында 1-сыныпқа құжат қабылдау 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында жүргізіледі.