Астанада 14 жасар қыз өзінің ата-анасынан ақша бопсаламақ болды
Бұл мәселе жөнінде бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанат Битенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, тамыздың 21-і күні қалалық Ішкі істер департаментіне 1976 жылы туылған Б. атты азаматша келіп өзінің
14 жасар қызының жоғалғандығын айтып, шағымданған. Арызданушының айтуынша, қызы көшеге шығып кетіп содан оралмаған. Ата-анасы оны іздеп таба алмаған. Қыздың шешесі тәртіп сақшыларына қызының ұры-қаралардың қолына түскен болуы мүмкіндігін айтқан. Өйткені оның ұялы телефонына 2 миллион 500 мың
теңге көлемінде қаржы талап еткен «СМС» келіп түскен. «Оқиғадан хабардар болысымен біз бірден жоғалған қызды іздестіруге кірістік. Бұл үшін департаменттен арнайы жедел іздестіру тобы құрылды. Оның үстіне біз іздестіру жұмыстарына көптеген қызметкерлерді тарттық. Осы шаралардан соң, яғни тамыздың 26-сы күні жоғалған
қыз өзінің 18 жасар досының үйінен табылды. Ол 18 жасар жігітке әке-шешесінің шетелге кеткендігін айтып алдаған», деді департамент бастығының бірінші орынбасары.
Оның сөзінше, кәмелетке толмаған қыз өзінің бұл әрекетін әке-шешесімен ұрысып қалғандығымен түсіндірді. Ал ата-анасынан өзін ұрлағандарға қанша көлемде болса да қаржы тауып беруге дайын екендігі жөніндегі «СМС» хабар келген соң, қыз бала ақша талап етуге кіріскен. Қазіргі таңда жоғалған қыз ата анасының қолында.
Ж.Битеновтың сөзіне қарағанда, қыздың әкесі күзетші, шешесі қаладағы мекемелердің бірінде еден жуады. Аталмыш оқиғадан хабардар болған соң олар туған-туыстарының барлығымен келісіп, қаржы жинауға кіріскен. Олар осы уақытта қолдағы бар мал-мүліктерін сатып, қажетті ақшаны беруге дайын отырған. «Қазір қыздың ісі қалалық әкімдіктегі кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияда қаралатын болады. Бұдан соң қызды арнайы есепке алып, оның ата-анасына баласына дұрыс тәрбие бермегендігі үшін айыппұл салынуы мүмкін. Жалпы, жыл басынан бері елордада кәмелетке толмаған балалардың 16 рет жоғалып кету фактілері орын алып, олардың барлығы да табылды», деді департамент бастығының бірінші орынбасары.