Астанада 14 жасқа дейінгі балалар қызылшаны жиі жұқтыруда

Астана қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай әлі де көңіл көншітпейтінін айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Сархат Бейсенова
Фото: Астана коммуникациялар орталығы

Бүгінде елордада қызылшаның 731-ден астам расталған жағдайы тіркелді, оның 73%-тен астамы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесіне тиесілі.

«14 жасқа дейінгі балалар арасында жағдайлардың ең көп саны 4 жасқа дейінгі балаларға тиесілі, яғни 430 жағдай немесе 59%. Егу жасына жетпеу себебінен 430 жағдайдың 100 жағдайы 1 жасқа дейінгі сәбилерді құрайды. Науқас балалар мен жасөспірімдердің 93% әртүрлі себептермен вакцинация алмағанын атап өткім келеді, яғни, науқастардың 55% вакциналаудан өз еркімен бас тартқан, 25% – медициналық қарсы көрсетілімі бар науқастар және 18% – егу жасына жетпегендер санаты», - деді С. Бейсенова Астана коммуникациялар орталығында өткен брифингте.

Елорданың ұйымдастырылған ұжымдарында қызылшаның 209 жағдайы тіркелген, оның 30-ы – студенттер, 58-і – оқушылар және 121 – мектеп жасына дейінгі балалар.

«Қала тұрғындарына, әсіресе ата-аналарға айтарым, қызылшаның инфекциясын, сондай-ақ оның асқынуын болдырмайтын жалғыз тиімді құрал – вакцина екенін ұмытпайық. Егер, өзіңізді баласының денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарайтын ата-ана деп санасаңыз, екпе күнтізбесіне сәйкес балаңызға міндеттелген қызылшаға қарсы вакцина жасатуға және қосымша жаппай иммунизациядан өтуге кеңес беремін», - деді дәрігер.

Еске сала кетсек, өткен аптада елорданың денсаулық сақтау басқармасы қызылшаға байланысты мәлімдеме жасаған еді.

 

Соңғы жаңалықтар