Астанада 15 кітап оқып, 600 мың теңге ұтып алуға болады
АСТАНА. KAZINFORM – Астана «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасына қосылды. Елорда тұрғындары алты айда 15 кітап оқып, арнайы сынақтардан өту арқылы 600 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлық ұтып ала алады, деп хабарлайды елорда әкімдігі.
«Кітап оқитын ұлт» марафоны қыркүйек айында басталады. Бұған дейін Астана әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры тиісті меморандумға қол қойған.
Жоба оқу мәдениетін дамытуға бағытталған.
Марафон шарты бойынша қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқуы керек. Одан кейін олар оқыған шығармалары бойынша тестілеуден және бірнеше зияткерлік куизден өтеді.
Сынақтардың қорытындысы бойынша әр санаттағы үздік командалар анықталады.
– Бірінші орынға – 600 мың теңге, екінші орынға – 450 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге ақшалай сыйлық қарастырылған, – делінген хабарламада.
Марафонға 6-10 сынып оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, ата-аналар, сондай-ақ мамандығы мен қызмет түріне қарамастан барлық ниет білдіруші қатыса алады.
Жоба қазақ және орыс тілдерінде өтеді.
Қатысушыларды тіркеу биыл қыркүйек айында жобаның ресми сайтында басталады.
Жоба аясында күзде елордада әдеби кездесулер, жалпыхалықтық кітап оқулар, кітап жобалары, ағартушылық акциялар және басқа да іс-шаралар өткізу жоспарланған. Ұйымдастырушылар бұл шаралар кітап оқуға қызығушылықты арттыруға, отандық әдебиетті қолдауға және үздіксіз білім алу мәдениетін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Айта кетейік, «Кітап оқитын ұлт» марафонына 1 миллионнан астам адам қатысады.