Астанада 17 мыңнан астам қыз бала АПВ-ға қарсы екпе алды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өткен жылдың 20 қыркүйегінен бері 17 мыңнан астам қыз бала адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина алды.
Бұл туралы Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Оның сөзінше, Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі аясында 11–13 жастағы қыз балаларға АҚШ-та өндірілген төрт валентті «Гардасил» вакцинасымен жоспарлы вакцинация жүргізіліп келеді.
– Бүгінге дейін вакцинаның бірінші дозасы 17 567 қыз балаға, екінші дозасы 10 652 қыз балаға егілді, – деді Айгүл Шағалтаева.
Сондай-ақ биыл 18 мамырдан бастап 14–18 жас аралығындағы қыз балаларды қосымша вакцинациялау басталды. Бұл санаттағы жасөспірімдерге екпе 0–2–6 айлық схема бойынша үш кезеңмен салынады.
– Қазіргі уақытта қосымша иммундау аясында бірінші дозаны 708 қыз бала қабылдады. Екінші доза 52 қыз балаға егілді, – деді департамент басшысы.
Спикердің айтуынша, АПВ-ға қарсы тегін вакцинация қыз балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізіліп жатыр. Екпе алу үшін ата-аналар өздері тіркелген емханаға немесе мектептің медициналық пунктіне жүгіне алады.
Еске салайық, бұған дейін АПВ-ға қарсы вакцинация бағдарламасына ұл балаларды енгізудің маңызы мен халықаралық тәжірибе туралы жазған едік.