Астанада «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» монументалды сәулеттік-көркем композициясы ашылады

Астанада «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» монументалды  сәулеттік-көркем композициясы ашылады

АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 31 мамырында Астанада, Абай және Республика көшелерінің қиылысындағы шағын алаңда «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» монументалды  сәулеттік-көркем композициясының салтанатты ашылу рәсімі өткізіледі, деп хабарлады «Бейтерек» медиа-орталығының баспасөз қызметі.

Ұлттық тарихымыздың қасіретті тұсы саналатын нәубетті кезеңге арнап Елордада ескерткіш орнату - ХХ ғасырдың басында, тоталитарлық режимнің сауатсыз саясатынан аштық қырғынына ұшырағандардың рухына деген кейінгі ұрпақтың құрметінің белгісі.

Екі миллионнан астам адам өмірін жалмаған аштық қасіретіне арналған ескерткіш орнату - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы. Елімізге есімдері белгілі, танымал тарихшы-ғалымдардың, саясаттанушылар мен сәулетшілердің пікірінше, монументальды кешен сол нәубетті шақтың қасіретін нақты ашып көрсетеді.

        Монументтің сәулеттік композициясы негізінен екі мазмұндық бөлімге негізделген. Негізгі идея - Әйел-Ана, бала бейнелеріндегі мүсіндік ескерткіштерінен көрінеді. Әрбір мүсіннің өзіндік ерекшелігі бар. Сәулеттік бейнелердің авторы - Валерий Пирожков.

         Көкке қолын жайып, Тәңірден жалбарына жәрдем сұраған Әйел-Ана. Қазақ халқының ұғымында Әйел-Ана - отбасының ұйытқысы, ұрпақ жалғастырушы. Анасының қалқасына тығылып, тіршіліктен қорған іздеген аш-жалаңаш, арып-ашқан, бала бейнесі. Бұлар аштыққа ұрынып, қырғынға ұшыраса да, өмір жалғасын жоғалтпаған қазақ ұлтының жарқын болашағын білдіреді.

Сондай-ақ, композициялық мүсіндер орналасқан дөңгелек жер ошақ бейнесіндегі шеңбердің ішінде, Ана мен бала бейнелерімен бірге, әдетте қазақ халқының ескі қорымдарында орнатылатын балбал тас мүсіндері қойылған. Жоба авторы - аштыққа ұрынып, құрбан болған о дүниелік жандар мен тірі қалғандар арасындағы байланыстың ешқашанда үзілмейтін құдіретін көрсеткісі келген.

Сәулеттік композицияның артқы қапталына тұрғызылған қабырға «Қасірет керегесі» деп аталады. Авторы - Орал Әлібаев. Көшпенділер үшін «Кереге» - ошақтың орны, отбасының тұғыры ұғымдарын білдірген. Керегенің әйел-Ана мен бала мүсіндерімен бірге тұрғызылуы - аштық пен қасірет қырғыны қанша қысса да, ата-ана мейірінен нәр алған халық рухының сағы сынбаған қайсарлығын білдіреді.

Монумент 0,175 га жер аумағына қойылған. 21,0х21,0 шаршы метр көлемдегі платформа үстінде орнатылған Әйел-Ана образындағы ескерткіштің биіктігі - 4,4 метр, басқа сәулеттік мүсіндер 1,2 және                   2,5 метр. Сәулеттік композицияның артқы қапталына тұрғызылған «Қасірет керегесі» қабырғасының биіктігі - 5 метр, ұзындығы -23 метр.

«1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» монументалды  сәулеттік-көркем композициясының ашылуы - рухани-мәдени маңызы зор іс-шара.