Астанада 2014 жылы ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтеді

Құжатты Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев және Халықаралық ауыр атлектика федерациясының президенті Тамаш Аян бекітті.
Бұл туралы бүгін «Казахстанская правда» газетінде жарық көрген «Подписан важный меморандум» мақаласында жазылды.
Кездесуді ашу барысында отандық спорт ведомствосының басшысы келген қонаққа қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, турнирді жоғары деңгейде өткізуге уәде берді. Өз кезегінде Аян мырза Қазақстаннан Лондон Олимпиадасындағы жетістіктерден кем түспейтіндей жаңа жеңістерді күтетіндігін атап өтті.
«Мен сіздердің елдеріңізге алғаш рет келіп отырмын. Спортты дамытуға қазақстандық құлшыныс тәнті етеді. Сіздер Лондонда медальдық межені жоғары деңгейге көтердіңіздер, қол жеткізген жетістіктеріңізден шегінбейтіндіктеріңізге сенімдімін», - деді Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті.
Кездесудің соңында тараптар планетарлық сайыстың мерзімі мен өтетін жерін анықтады - біріншілік 2014 жылы қыркүйекте «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтетін болады. Болжам бойынша, Олимпиадаға жолдамалар сарапқа салынатын сайысқа 130-дан астам мемлекеттің өкілдері қатысады.