Елордада 23 мыңнан астам ағаш апатты санатқа жатады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 23 мыңнан астам ағаш апатты санатқа жатады. Бұл туралы Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов Қоғамдық кеңестің отырысында айтты.

Ботанический сад Астана, Астана ботаникалық бағы
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Оның айтуынша, 2022 жылы қаладағы жасыл желектерге түгендеу және орман-патологиялық зерттеу жүргізілген.

— Зерттеу нәтижесі бойынша ағаш-бұта өсімдіктерінің шамамен 70%-ы немесе 1 миллионнан астамы сау күйде. Әлсіреген жасыл желектердің үлесі — 29%, ал 23 мыңнан астам ағаш, яғни шамамен 1,5%-ы апатты санатқа жатады, — деді Дәулет Досқұлов.

Ол сондай-ақ түгендеу барысында ағаштардың орналасқан жері, түрі, діңінің диаметрі, биіктігі, жас тобы мен жай-күйі есепке алынғанын айтты.

Басқарма мәліметінше, қаладағы жасыл желектердің түрлік құрамы 158 ағаш тұқымынан тұрады. Оның ішінде 135 түрі немесе 85%-ы жапырақты, ал 23 түрі немесе 15%-ы қылқан жапырақты ағаштар.

Еске салайық, бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстанда 2021 жылдан бері отырғызылған ағаштардың шамамен жартысы ғана жерсінгенін мәлімдеген еді.