Астанада 300 мыңға жуық пәтерге электр шығынын өздігінен жолдайтын есептегіш орнатылады
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қалалық табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысы Жандос Салимов елорданың көпқабатты үйлеріне электр тұтыну көрсеткіштерін автоматты түрде жолдайтын аспаптар орнатылатынын айтты.
- «Астана РЭК» акционерлік қоғамы 2027-29 жылдары көпқабатты үйлерді электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесіне қосудың жобасын жоспарлап отыр. Ол жобаның аясында көпқабатты тұрғын үйлерге 299 466 автоматты есептеу аспабын орнату көзделген. Жобаның құны – 39, 8 млрд теңге. Бұл жобаның құжаттары да электронды платформада тексеруден өтіп жатыр, - деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кету керек, бұл аспаптар пәтер иелерін электр есептегіш көрсеткіштерін ай сайын қолмен тапсырудан толық босатады. Жүйе тұтынылған электр көлемін автоматты түрде қызмет көрсетуші ұйымға жібереді, төлем нақты тұтыну бойынша есептеледі. Бұл қате есептеу мен даулы жағдайларды азайтады, электр тұтынуын бақылауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, ол «Астана су арнасы» компаниясы алдағы 3 жылда 12,2 шақырым су құбыры мен кәріз желісін тартатынын айтты.
- «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 2026-2029 жылдары бірнеше жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде 8,3 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 12,2 шақырым болатын су құбыры мен кәріз желісін тартып, күрделі жөндеу жобасы бар. Бүгінгі таңда «Астана су арнасы» Х. Досмұхамедұлы көшесінің бойындағы су құбыры желісін Ақжол көшесімен қиылысқан тұсынан бастап Алаш көшесіне дейінгі бөлігін күрделі жөндеу туралы өтінім берді. Бұл – техникалық су құбыры. Электронды платформада өтінім құжаттары тексеріліп жатыр, - деді Жандос Салимов.
Бұған дейін Астанадағы 13 коммуналдық компания 156,6 млн теңгені негізсіз тапқанын жазған едік.