Астанада 336 млрд теңгеге 140 өндіріс іске асып, өңдеу өнеркәсібі жаңа қарқын алды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде Астананың № 1 индустриялық паркінде жалпы құны 336 млрд теңгеге бағаланған 140 жоба орналастырылған. Оның 82-сі жұмыс істеп тұр, 58 жоба құрылыс немесе іске асыру сатысында.
Елордада индустриялық инфрақұрылымды дамыту жұмысы жалғасып, өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Мемлекеттік саясат нәтижесінде 2024 жылы сектор өсімі 10%-дан асып, өндіріс көлемі 2,5 трлн теңгеге жетті. 2025 жылы жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуы есебінен өсімнің 7% деңгейінде сақталуы күтіледі.

— Соңғы үш жылда еңбек өнімділігі екі есеге артып, технология арқылы 37 жоба салынып, 10 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілген. Кәсіпорын жанынан ашылған оқыту алаңында даярланған 40 адамның 63%-ы жұмысқа орналасқан, — деді қауіпсіздік инженері Индира Тохмолдина.
Индустриялық парк аумағында медициналық бұйымдар мен көпсалалы өндірістер де дамып келеді. Кешен басшысы Мурат Четиннің айтуынша, кәсіпорын айына 500 медициналық кереует шығаруға қауқарлы, ал процестердің басым бөлігі роботтандырылған жүйелер арқылы автоматтандырылған.

— Бұрын шетелден әкелінетін медициналық газ жүйелерінің кейбір бөліктері енді Қазақстанда дайындалады. Тәулігіне жүздеген бөлшек шығаратын автоматтандырылған хромдау жүйесі іске қосылған, — деп толықтырды өндірісті жоспарлау менеджері Салтанат Испир.

Құрылыс материалдары өндірісі де қарқын алып жатыр. Инженер Дмитрий Лебедев өндірістік желінің қуаты бір ауысымда 3,5–4 мың шаршы метр өнім шығаруға жететінін, ал жылдық көлемнің 1,8 млн шаршы метрге дейін ұлғайғанын айтады. Жабдықтар заманауи технологиялармен жабдықталып, металл бетінің адгезиясын күшейтетін арнайы жүйелер енгізілген. Шикізаттың барлығы — отандық өндірушілерден алынатын металл, минералды вата және екікомпонентті желім.
Бұдан бөлек, елордада индустриялық инфрақұрылымды кеңейту мақсатында № 2 индустриялық парктің құрылысы басталғаны хабарланды.
Жаңа алаңда 500 млрд теңгеден асатын 100-ден астам жоба іске асырылып, 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағында Логистикалық парк қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда көлік-логистикалық орталықтарды салуға қызығушылық танытқан отандық және шетелдік инвесторлар пулы құрылды.
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметіне сәйкес, елорда экономикасына тартылатын инвестиция көлемі де артып келетінін атап өтті. 2024 жылдың тоғыз айында Астана инвестиция тарту бойынша елде көш бастап, 1,7 трлн теңге тартты, бұл өткен жылға қарағанда 37% өсімді көрсетеді. Оның ішінде 1,1 трлн теңге — жеке инвестициялар, бұл көрсеткіш 22%-ға артқан. Инвестиция ағыны жылжымайтын мүлік, көлік, өнеркәсіп, қаржы, білім беру және сақтандыру салаларына бағытталған. Ұлттық жобалар пулындағы 127 жоба жалпы 2,2 трлн теңгені құрайды.

— Астанада екі экономикалық аймақ бар. Біріншісі — «Астана Жаңа қала», екіншісі — «Астана Технополис». Әрқайсысының өндірістік және әлеуметтік бағыттары айқын. Бірінші аумақта ірі зауыттар шоғырланған. Жобалардың басым бөлігі ТМД елдеріне экспортқа көзделді. Елордада инвестор тарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Басты назар инвестициялық жағдайды жақсартуға және жобаларды толық сүйемелдеуге бағытталған, — деді индустриялық аймақтарды әкімшілендіру департаментінің директоры Алмат Әлімбай.
Бұдан бұрын Қазақстан экономиканың нақты секторын дамытуға бағытталған «Инвестицияға тапсырыс» ауқымды мемлекеттік бағдарламаны іске қосқанын жазғанбыз.
Кәмилә Мүлік