Астанада 5 мың АҚШ долларын бопсалаған жастар ұсталды
АСТАНА. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астаналық полицейлер 18 және 19 жастағы ақша бопсалаушыларды қылмыс үстінде құрықтады. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Ішкі істер министрінің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, Астана қаласының ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ақша бопсалаушыларды 60 мың теңге ақша алу сәтінде қолға түсірген. Олар -елордадағы колледждердің бірінде оқитын 19 жастағы оқушы мен еш жерде жұмыс істемейтін 18 жастағы азамат болып шықты.
Анықталғанындай, күдіктілер үстіміздегі жылғы маусым айының басынан бері жеке кәсіпкерден 5 мың АҚШ доллары сомасында ақша бопсалап үлгерген. Жәбірленуші полицияға тек 1,5 айдан соң ғана хабарласқан.