Астанада 7-ші Қысқы Азия ойындарының басталуына қанша күн қалғанын кері есептеу таблосы іске қосылды

СТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін кешқұрым Астанада 2011 жылы өтетін 7-ші Қысқы Азия ойындарының басталуына қанша күн қалғанын есептейтін кері есептеу таблосы салтанатты түрде іске қосылды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кері есептеу таблосын іске қосу салтанаты Астанамен бір мезгілде Алматы қаласында да өтті. Еліміздің бас қаласында табло «Астана-Арена» жаңа футбол стадионының алаңында орнатылса, оңтүстік астанада ол Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алдында орын тепті.

Салтанатты рәсімге Қазақстанның Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияев, елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) вице-президенті Вэй Джижонг, Ванкувердегі қысқы олимпиада ойындарының күміс жүлдегері биатлоншы Елена Хрусталева және АОК-ға мүше елдердің 30-ға жуық ресми өкілі қатысты.

Кері есептеу таблосы орнатылған стела ашылмас бұрын, АОК-ға мүше барлық 45 ел байрақтарының шеруі өтті.

«Бүгін ел жүрегі Астана ғана емес, тұтас халқымыз үшін маңызы зор, айтулы күн. Осы сәттен бастап күні ертең еліміздің төріне енетін 7-ші Қысқы Азия ойындарның уақытын шамалап, дайындығын даралайтын боламыз. Азиада халықаралық қауіпсіздік жүйесінде ерекше орын алып, дұшпанды дос, досты туыс ететін ерекше дода. Сол додада біздің спортшыларымыз да даңқты аға-аталарымыздың жолын қуып, ел мерейін тағы бір мәрте асқақтататыны сөзсіз», - деп атап өтті Астана қаласының әкімі.

В.Джижонг болса, Қысқы Азия ойындарына Қазақстанның дайындығын жоғары бағалайтынын айтып, қазақстандық спортшыларға бұл ойындарда көбірек алтын медальдарды еншілеуді тіледі. «Мен өз басым Қазақстан жалпы командалық есепте бірінші орын алатынына сенімдімін», - деп атап өтті ол.

«Қысқы Азия ойындарының Қазақстанда өтуі ел үшін үлкен мәртебе. Себебі бұл ойын спорттың бір ғана емес, бірнеше түрін қамтиды. Сондықтан, ұйымдастыру мәселелері де жоғары деңгей мен жауаптылықты қажет етеді. Өз тарапымнан бұл ойындарда бар күш-жігерімді салуға дайынмын», - дейді биатлоншы қыз Е. Хрусталева.

Стеланы ойын аяқталған соң да сақтау жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанда халықаралық дәрежедегі тұңғыш рет өткен ірі спорттық форум - Ақ Азиада туралы естелік болып қалмақ.

Айта кетейік, 7-ші Қысқы Азия ойындары Астана мен Алматы қалаларында 2011 жылғы қаңтардың 30-ы мен ақпанның 6-сы аралығында өтеді. Онда спорттың 11 түрінен барлығы 69 медаль сарапқа салынады. Жарысқа барлығы 2 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Бүгіннен бастап Азия ойындарының басталуына 306 күн қалды.

Соңғы жаңалықтар