Астанада 9 мамырға орай қандай іс-шаралар өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Жеңіс күніне орай 9 мамырда мазмұнды мерекелік бағдарлама өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап концерттер, спектакльдер, көше акциялары, көрмелер мен патриоттық бастамалар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

День Победы памятник Алматы Жеңіс күні ескерткіш
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Мерекелік іс-шаралар қаланың әртүрлі аумағында өтіп, мәдени, әлеуметтік және білім беру бағыттарын қамтиды.

8 мамыр күні сағат 11:00–де Нұрлы жол теміржол вокзалы ғимаратында 9 мамырға арналған тақырыптық көрме ашылады.

Елорданың мемлекеттік архиві «Ерлік дастаны» тарихи-құжаттық көрмесін және тыл еңбеккерлеріне арналған материалдар экспозициясын ұсынады.

Сол күні сағат 19:00–де Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония сахнасында «Ерлік дастаны» мерекелік концерті өтеді.

Сонымен қатар сағат 19:00–де М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры көрермендерге «Әлия» спектаклін ұсынады.

9 мамыр күні сағат 12:00–де Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры алдында мерекелік концерт ұйымдастырылады.

Сондай-ақ дәл осы уақытта қалалық алаң аумағында эстрада жұлдыздарының қатысуымен Жеңіс күніне арналған концерт өтеді.

Кешкі сағат 18:00–де театр сахнасында «Ар адамы — Бауыржан» қойылымы көрсетіледі.

Сонымен қатар Музыкалық жас көрермен театры сахнасында «Мәншүк» спектаклі қойылады.

Осы күні сағат 18:00–де Амфитеатр аумағында мерекелік концерт өтеді.

Ал Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық-драма театры сахнасында «Жеңіс күні» симфониялық оркестр концерті ұйымдастырылады.

Бұған дейін Астанада 300-ге жуық адам қатысқан патриоттық флешмоб өткенін жаздық