Астанада 99 жерасты және жерүсті өтпе жолын салу қажет

Жоспарға сәйкес, қазіргі кезде Қонаев және Достық көшелерінің бойынан осындай нысандарды салу жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы astana.kz сайтынан хабарланды.
Басқарма мәліметтеріне қарағанда, бүгінгі таңда Астанада 5 жерасты және 3 жерүсті жолы бар. Ал былтырғы 2012 жылы Қонаев көшесінің бойындағы Опера және балет театры жаңа ғимаратының жанынан жерасты жолы құрылысының жобасы іске асырылған болатын. 2013 жылдың жоспарында Тұран даңғылы бойында «Хан Шатыр» СОО маңынан жерасты жолын салу жоспарланған.
«Болашақта қаржы бөлінсе, жерасты жолдарын салу жалғасады. Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жүргізген талдау көрсеткеніндей, қалада жалпы саны 99 жерасты және жерүсті жолын салу қажет», - делінген баспасөз хабарламасында.