Астанада Абай облысының креативті әлеуеті таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада «Тұңғыштар мекені — киелі Абай елі» көрме-жәрмеңкесінде Абай облысының креативті әлеуеті таныстырылды.
«Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған шарада өңірдің қолөнері, бейнелеу өнері, өңірлік брендтері, ІТ және жасанды интеллект бағытындағы жобалары бір алаңға жинақталды.
Өңір әкімдігінің қолдауымен өткен жәрмеңкенің салтанатты ашылуына Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов пен Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов қатысты.
Көрме-жәрмеңкеде сатылымға барлығы 842 туынды шығарылды. Оның ішінде өңір шеберлерінің 772 қолөнер туындысы мен Семей суретшілерінің 70 картинасы бар.
Көрмедегі ең қымбат туынды — Абай облысының жетекші қылқалам шеберлерінің бірі Виктор Шмидттің «Рақмет және кешір» картинасы. Бағасы 2 560 000 теңге болатын шығарма мәңгілік адамгершілік құндылықтарды арқау етеді. Суретші өз туындысы арқылы алғыс айта білу, кешірім сұрау және кешіре білудің маңызын алға тартып, осы қасиеттердің адам бойындағы адамгершілік пен рухани құндылықтарды сақтаудағы рөлін көркем тілмен бейнелейді.
Мұнымен қоса, киізден жасалған бұйымдар, текемет, кілем, құрақ көрпе, ұлттық және заманауи үлгідегі киімдер, балалар киімі, бас киімдер, әшекейлер, сөмкелер, ағаш пен теріден жасалған көркем бұйымдар, торсықтар, қамшылар, ұлттық музыкалық аспаптар, мүсіндер, картиналар мен кәдесыйлар көрме қонақтарына ұсынылды.
— Он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлері мен тігіншілеріміз бұл жобадан қалыс қалмады. Облысымыздағы ең үздік әрі креативті шеберлерміз Астанаға келді. Жалпы, 800-ден астам туынды сатылымға қойылды. Көрме барысында ағаштан, былғарыдан жасалған бұйымдар, тоқыма заттары елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше ұнап жатыр. Осы іс-шараның мақсаты — Абай еліндегі қолөнер шеберлерінің әлеуетін көрсету. Сонымен қатар көрмеде жасанды интеллект бағытындағы жетістіктерімізді және мультфильм саласындағы жобларамызды көпшілік назарына ұсындық. Соның арасында жасанды интеллект пен қазақтың ақынын айтыстыруға мүмкіндік беретін ілкі жоба бәрінің көңілінен шығып жатыр. Бұл өз кезегінде біз алып келген көрменің нақты жаңалықтарының бірі, үлкен еңбектің нәтижесі, — деді Абай облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан.
Көрме аясында Абай музейі, Абай кітапханасы және облыстық тарихи-өлкетану музейі дайындаған экспозициялар қойылды. Бұдан бөлек, жәрмеңке барысында өңірдің гастрономиялық өнімдері де ұсынылды. Олардың қатарында «Адал ас» ұлттық тәттілері, BaiQymyz-2025 халықаралық фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған Абай облысы Абай ауданы Саржал ауылының шаруа қожалығы әкелген 550 литр қымыз және Qazice компаниясы өндіретін саумалдан дайындалған балмұздақ бар.
«Тұңғыштар мекені — киелі Абай елі» креативті көрме-жәрмеңкесі екі күн қатарынан Астана қаласындағы Qazaq Creative Hub орталығында өтеді.