Астанада Абайдың 180 жылдығына орай поэзиялық-музыкалық кеш өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Елорданың Сарыарқа ауданына қарасты әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ұлы қазақ ақыны, ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай жыры – мәңгілік мұра» атты поэзиялық-музыкалық кеш өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астанада Абайдың 180 жылдығына орай поэзиялық-музыкалық кеш өтті
Фото: Астана әкімдігі

Іс-шараға Абайдың шығармашылығын жоғары бағалайтын зейнеткерлер қатысты. Кеш ерекше көңіл күйде өтті: егде жастағы қатысушылар ақын өлеңдерін оқып, оның сөзіне жазылған әндерді орындап, Абай мұрасының өз өміріндегі маңыздылығы туралы ойларымен бөлісті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, кештің басты мақсаты – ұлы ақынның рухани және әдеби мұрасын насихаттау, сондай-ақ оның шығармаларында қамтылған құндылықтарды дәріптеу болды. Сол сияқты зейнеткерлер арасында достық пен мәдени байланысты нығайтуға, олар үшін қолайлы әрі қолдау көрсететін әлеуметтік орта құруға ерекше көңіл бөлінді.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай іс-шаралар егде жастағы адамдардың қаланың мәдени өміріне белсенді араласуына, өздерін қажет әрі елеулі сезінуіне мүмкіндік береді.

Кеш тек ұлы ойшылға көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар жыр, мәдениет пен тарихқа бағытталған рухани мерекеге айналды.

Бұған дейін Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 100-ден астам ауқымды іс-шараны қамтитын кешенді жоспар бекітілгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар