Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада «AIU 2026 – Елорда жүрегінде» халықаралық жазғы мектебі мәресіне жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астанада «AIU 2026 – Елорда жүрегінде» халықаралық жазғы мектеп жобасының жабылу рәсімі өтті. Осыған орай Астана Халықаралық университетінде қорытынды іс-шара ұйымдастырылды.

а
Фото: Астана Халықаралық университеті

Іс-шара барысында әлемнің 10-нан астам елінен келген студенттер ұлттық киім таныстырып, өз мәдениеті туралы баяндады. Сондай-ақ жобаға қатысушылар мен елшілік өкілдері халықаралық жазғы мектеп туралы пікір білдірді. Ұйымдастырушылар аталған бастаманы алдағы жылдары да жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.

Халықаралық жазғы мектеп биыл 5 шілдеде басталды. Жобаға Қытай, Вьетнам, Ресей, Германия, Италия, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Камбоджа, Непал және өзге де елдерден келген студенттер қатысты.

к
Фото: Астана Халықаралық университеті

Он күнге жоспарланған бағдарлама аясында қатысушылар қазақ тілі мен ұлттық мәдениетпен танысып, асық ату, арқан тарту және тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындарды үйренді. Сонымен қатар Қазақстан Ұлттық музейіне барып, еліміздің тарихи-мәдени мұрасымен танысты. Студенттер киіз үй мәдениеті мен қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі туралы мәлімет алып, елорданың негізгі тарихи және мәдени нысандарын аралады.

Бағдарлама соңында қатысушылар ұлттық ойындар бойынша өзара бақ сынап, халықаралық командалар құрамында өнер көрсетті. Жоба шетелдік жастардың Қазақстанның мәдениетімен жақынырақ танысуына және түрлі елдердің өкілдері арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.

у
Фото: Астана Халықаралық университеті

Қытайдың Цзянсу провинциясындағы Цзянсу Мұхит университетінен келген студент Цзычен Лю жобаның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Халықаралық жазғы мектеп жобасы өте жақсы ұйымдастырылған. Осы бастамаға атсалысқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Маған қазақтың дәстүрлері мен ұлттық ойындары ерекше ұнады. Кейбір ойындарда командалық жұмыстың маңызы айқын көрінеді. Біз төрт топқа бөлініп жарыстық және жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Әсіресе, арқан тарту мен асық ату ойындары қатты ұнады, – деді ол.

Айта кетейік, жобаны Астана Халықаралық университеті мен Қытайдың Халықаралық бизнес және экономика университеті жанындағы Қазақстан-Қытай экономика және сауда институты бірлесіп ұйымдастырды. Сондай-ақ халықаралық серіктес жоғары оқу орындары қолдау көрсетті.

Бұған дейін Kazinform агенттігі аталған жобаның ашылу салтанаты туралы хабарлаған болатын.