Астанада әкімдігі Ботаникалық бақта балық неден қырылғанын түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Астана әкімдігі Ботаникалық бақтағы жасанды көлшікте балықтың қырылу дерегіне қатысты түсінік берді.

— Ботаникалық бақтағы жасанды көлшік әуелде инженерлік жүйенің бір бөлігі ретінде, яғни көгалдарды суару мен фонтанның жұмысына бола жасалған. Оның құрылымы балық өсіруге немесе балықтың мекендеуіне сай келмейді, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ әкімдік бұнда балықтардың қалай келгенін түсіндірді.
— Бұл су көзі «Нұра» каналы арқылы толтырылып отырады, кішкене шабақтар сол жолмен көлшікке түскен болуы мүмкін. Каналдан су келетін жолда арнайы тосқауыл тор қойылған. Ол ірі балықтардың өтуіне жол бермегенмен, уылдырықтар мен шабақтарды тоса алмайды. Бұған дейін (2022 жылы) судағы жәндіктерді сақтау үшін қыс мезгілінде мұзды бұрғылау жұмыстары жүргізілді. Бірақ су көзі жасанды болғандықтан және таяз болуы себепті бұл тәсіл пайда бермеді. Көлшік табанына дейін мұз боп қатып қалды, - делінген мәлімдемеде.
Атқарушы органның хабарлауынша, қазіргі уақытта «Есіл» ауданы әкімдігі көлшікті органикалық қалдықтар мен өлген балықтардан тазарту жұмысына кірісіп кеткен.
Айта кетелік СҚО Аралағаш ауылының маңындағы каналда балық қырылып жатқаны туралы жазған едік.