Астанада әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған халықаралық саммит басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада әлеуметтік кәсіпкерлердің алғашқы халықаралық саммиті өтіп жатыр. «Тұрақты болашаққа арналған әлеуметтік инвестициялар» тақырыбындағы жиынға Қазақстаннан және 20-дан астам елден 700-ге жуық адам қатысты.

бизнес, кәсіпкерлік
Фото: Gov.kz

Саммит әлеуметтік кәсіпкерлерді, инвесторларды, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен даму институттарының өкілдерін бір алаңға жинады. Іс-шараны ұйымдастырушы – Әлеуметтік инновациялық хаб.

Саммит Астана қаласы әкімдігінің, Әлеуметтік инвесторлар қауымдастығының және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр.

Халықаралық қаржыландыру мүмкіндігі толық пайдаланылмай отыр

Әлеуметтік инновациялық хаб өкілі Эмин Әскеровтың айтуынша, саммиттің басты міндеттерінің бірі – қазақстандық әлеуметтік кәсіпкерлерге халықаралық деңгейдегі қаржылық және қаржылық емес қолдау тетіктерін түсіндіру.

Оның сөзінше, әлемде әлеуметтік жобаларды қолдауға халықаралық жеке қорлар жыл сайын ондаған миллиард доллар бөледі. Алайда Қазақстандағы кәсіпкерлер бұл қаражатқа қол жеткізу мүмкіндігін толық пайдалана алмай отыр.

– Әлемде әлеуметтік жобаларды қолдауға жыл сайын 200-400 млрд доллар бөлінеді. Қазақстанға оның 3%-ы да жетпейді. Себебі біздің кәсіпкерлер халықаралық ұйымдармен қалай жұмыс істеу керегін толық білмейді. Біздің саммиттің міндеті – осы мүмкіндіктерді таныстыру, – деді Эмин Аскеров.

Оның айтуынша, жиынға 20-дан астам елден халықаралық сарапшылар мен әлеуметтік кәсіпкерлер келген. Сонымен қатар саммит барысында «Үздік әлеуметтік кәсіпкер-2026» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталады.

Әлеуметтік кәсіпкерлікке 9 преференция қарастырылған

Эмин Аскеров Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға арналған заңнамалық база қалыптасқанын атап өтті.

Оның айтуынша, заңда әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған 9 преференция қарастырылған. Алайда оның екеуі ғана іс жүзінде жұмыс істеп тұр.

– Әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған тоғыз преференция бар. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ішінде мұндай мүмкіндіктер жиынтығы ешкімде жоқ. Бірақ өкінішке қарай, оның тек екеуі жұмыс істеп тұр. Қалған жеті преференцияның іске асуын төрт жылдан бері күтіп келеміз, – деді ол.

Олардың қатарында жергілікті атқарушы органдар арқылы берілетін гранттар мен жеңілдетілген кредиттер бар. Ал үй-жайларды жеңілдікпен ұсыну, салықтық жеңілдіктер, ақпараттық қолдау, тәжірибе алмасу бағдарламалары мен тағылымдамалар секілді тетіктердің бірқатары толық іске қосылмаған.

Аскеровтың айтуынша, Астана әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша алдыңғы қатарда тұр. Бұған елорда әкімдігінің қолдауы ықпал етіп отыр.

– Әлеуметтік кәсіпкерлердің 55%-ы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту бағытында жұмыс істейді. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің негізгі сұраныстарының бірі. Біз дәл осы мәселелерді шешуге атсалысып отырмыз, – деді ол.

Әлеуметтік жобаға айналған ағаш ойыншықтар

Саммит аясындағы көрмеде Қазақстанның әр өңірінен келген әлеуметтік кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырды.

Солардың бірі – Өскемен қаласынан келген кәсіпкер Иван Кирюхов. Оның айтуынша, отбасы жүзеге асырып отырған жоба балаларға арналған экологиялық және интеллектуалдық ойыншықтар шығарады.

Жоба жергілікті ғылым докторы Наталья Васильеваның идеясынан басталған. Өнімдерді дайындауға жазасын өтеп жатқан адамдар да тартылған.

– Алдымен олар ойыншықтардың негізін жасап, фигураларды кеседі. Кейін барлығын қолмен тегістейді. Өнімдер экологиялық таза. Оларда лак та, бояу да қолданылмайды, сондықтан балаларда аллергиялық реакция туындау қаупі төмен, – деді кәсіпкер.

Оның айтуынша, ойыншықтардың ішінде ұлттық ою-өрнектерді үйретуге арналған жиынтықтар, сондай-ақ қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерін меңгеруге көмектесетін интеллектуалдық ойындар бар.

Кәсіпкердің мәліметінше, биыл 1 маусымда Өскемендегі компаниялардың бірі осындай өнімдерді 17 балабақша, мектеп және интернатқа сатып алған.

Қазақстан – Орталық Азия үшін үлгі

Саммитке Тәжікстаннан келген заң ғылымдарының докторы, профессор Джамшед Муртазозода әлеуметтік кәсіпкерліктің мемлекет үшін маңызын атап өтті.

Джамшед Муртазозода
Фото: Камила Мүлік

Оның айтуынша, Орталық Азия елдерінің Конституцияларында мемлекет азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалған. Сондықтан әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекет пен жеке сектордың әріптестігі маңызды.

– Мемлекеттің мүмкіндігі барлық әлеуметтік мәселені толық қамтуға жете бермейді. Осы жерде жеке сектордың қатысуы қажет. Бірақ бұл бизнесті мемлекет ынталандыруы керек. Жеңілдіктер, кредиттер, салықтық қолдау болмаса, бұл саланы дамыту қиын, – деді Джамшед Муртазозода.

Ол Қазақстанның әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту тәжірибесі Орталық Азия елдері үшін қызықты екенін айтты.

– Қазақстанды Орталық Азия үшін үлгі ретінде қарастыруға болады. Біз бұл тәжірибені зерттеп, өз елімізге бейімдеу мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз, – деді Тәжікстан өкілі.

Саммиттің іскерлік бағдарламасында Еуропалық қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк, БҰҰ Даму бағдарламасы, Жапония мен Канаданың дипломатиялық миссиялары, Catalyst Now халықаралық желісі, Senior Expert Service және басқа да ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі.

Арнайы панельдік сессияда әлеуметтік кәсіпорындарды қаржыландыру, олардың әлеуетін арттыру, қызмет ауқымын кеңейту, гранттық қолдау және трансшекаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Іс-шара аясында әлеуметтік кәсіпкерлердің өнімдері қойылған Ethnic Heritage Fair этножәрмеңкесі, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың қолдау бағдарламалары таныстырылатын Information Fair көрмесі және жаһандық әлеуметтік мәселелерге арналған «Әлем айнасы» фотокөрмесі ұйымдастырылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, саммитті алдағы уақытта әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы тәжірибе алмасу, халықаралық байланыс орнату және инвестиция тарту үшін тұрақты алаңға айналдыру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін, елімізде кәсіпкерлерге арналған AI-навигатор іске қосылғанын жазған едік.