Астанада «Al Jazeera Week in Kazakhstan» халықаралық жобасының екінші маусымы басталды

АСТАНА. KAZINFORM — «Al Jazeera Week Қазақстанда» білім беру жобасының екінші маусымы ҚР Президенті Телерадиокешенінің қатысуымен Maqsut Narikbayev University жанындағы Халықаралық журналистика мектебінде ашылды.

Второй сезон международного проекта «Al Jazeera Week в Казахстане» стартовал в Астане
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жобаның ашылу салтанатына ҚР Президентінің Телерадиокешені директорының орынбасары Еркежан Күнтуған, Al Jazeera Media Institute директоры Эман Аль Амри, MNU басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев, студенттер, дәріскерлер және құрметті қонақтар қатысты.

Второй сезон международного проекта «Al Jazeera Week в Казахстане» стартовал в Астане
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
Еркежан Күнтуған
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жаңа маусым аясында Al Jazeera Media Network мамандары қазіргі журналистиканың өзекті мәселелері, әлемдік ақпарат кеңістігіндегі маңызды үдерістер, цифрлық медианың дамуы және мазмұнды, жауапты әрі бәсекеге қабілетті ақпараттық ортаны қалыптастырудағы жаңа буынның рөлі жөнінде тәжірибе бөлісіп, пікір алмасады.

Халықаралық білім беру жобасы Қазақстанның медиа саласы өкілдері мен Al Jazeera Media Network мамандары арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.

студенттер
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жоба 28 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді. Бес күндік бағдарламада деректер журналистикасы, цифрлық сторителлинг, журналистік зерттеу, мобильді журналистика, фактчекинг және ақпараттың шынайылығын анықтау, заманауи деректі журналистика, сондай-ақ сұхбат жүргізу әдістемесі сияқты өзекті бағыттарды қамтитын жеті білім беру бағдарламасы ұсынылады.

Бағдарламаға 130-дан астам бакалавриат студенті, медиасалада еңбек етіп жүрген 100-ге жуық маман, сондай-ақ магистранттар, докторанттар мен профессор-оқытушылар құрамы қатысады.

Второй сезон международного проекта «Al Jazeera Week в Казахстане» стартовал в Астане
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Теориялық және практикалық сабақтардан тұратын оқу бағдарламасы қорытындысында студенттер әр бағыт бойынша курстық жобаларын әзірлеп, қорғайды. Оқу нәтижесінде қатысушылар Al Jazeera Media Institute сертификатына ие болады.

Еске сала кетейік, 2023 жылы ашылған Халықаралық журналистика мектебі — ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Maqsut Narikbayev University-дің бірлескен жобасы. Жоба талантты жастарды қолдауға, олардың кәсіби дамуына жағдай жасауға және қоғам мен мемлекеттің қазіргі заманғы коммуникациялық сұраныстарына жауап бере алатын болашақ журналистердің кәсіби кадрлар резервін қалыптастыруға бағытталған.

ҚР Президентінің Телерадиокешені — медиаконтентті өндіру мен таратудың толық циклін жүзеге асыратын, Қазақстандағы ең ірі медиа компаниялардың бірі. Компания құрамына қазақстандық көрерменге арналған Jibek Joly телеарнасы мен аттас радио, Silk Way, Silk Way Cinema және Silk Way Prime халықаралық телеарналары, Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі, Деректі кино орталығы және TRKLAB цифрлық медиа бөлімі кіреді.

Al Jazeera телекомпаниясы 1996 жылы Қатар әмірінің жарлығымен құрылды. Бүгінде ол әлемнің көптеген еліне араб және ағылшын тілдерінде хабар таратып, шетелдерде 50-ден астам бюросы арқылы жұмыс істейді. Деректі фильмдер мен бағдарламалар Al Jazeera Documentary телеарнасында көрсетіледі.

Бұған дейін былтыр желтоқсан айында Қатар астанасы Доха қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені басшылығы мен әлемдегі ең ірі әрі беделді медиакомпаниялардың бірі — Al Jazeera Media Network өкілдерінің кездесуі өткенін жазғанбыз.