Астанада арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 18 ұйым лицензия алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялау енгізілді. Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов мәлім етті.

санитарка
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оның айтуынша, бұл тетік әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыруға, қызмет алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және саладағы бақылауды күшейтуге бағытталған.

— Лицензиялау ұйымдардың біліктілік талаптарына, кадрлық құрамына, материалдық-техникалық базасына және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайды. Бұл көрсетілетін қызмет сапасын жақсартып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың құқықтарын қорғауға ықпал етеді, — деді Асқар Аймағамбетов.

Департамент басшысының айтуынша, бүгінде Астанада арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 20-дан астам ұйым жұмыс істейді.

— 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша олардың 18-і лицензия алған. Оның ішінде 7-еуі коммуналдық мемлекеттік мекеме, 11-і үкіметтік емес ұйым. Қазір осы ұйымдарда 7 мыңнан астам астаналық арнаулы әлеуметтік қызмет алып отыр, — деді ол.

Аймағамбетов лицензиялау жүйесі әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысына бірыңғай талап енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

— Бұл қызмет сапасын арттырып қана қоймай, қызмет алушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал етеді. Сондай-ақ саладағы ашықтық пен жауапкершілікті күшейтеді, — деді департамент басшысы.

Айта кетейік, арнаулы әлеуметтік қызметтер өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдауға, олардың қоғамға бейімделуіне және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған.

Бұған дейін балалар лагерьлері мен орталықтарын лицензиялау тәртібі өзгеретіні туралы жазған едік.