Астанада «Әскери керней» фестивалі басталды

Халықаралық фестиваль Ел Тәуелсіздгінің 25 жылдығы мен Қазақстан полициясы күніне арналып отыр.
Фестивальдің алғашқы күнінде Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарында іріктеу сындарынан сүрінбей өткен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының үздік деген әскери оркестрлері өнер көрсетті. Олардың қатарында Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетімді оркестрі, Әскери институттың әскери оркестрі, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 6506 әскери бөлімінің әскери оркестрі, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 6505 әскери бөлімінің әскери оркестрі, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 5517 әскери бөлімінің әскери оркестрі және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 5518 әскери бөлімінің әскери оркестрі бар.
Ертең 5573 әскери бөлімінің саптық алаңында V халықаралық «Әскери керней» фестивалінің ашылуы өтеді. Фестивальдің ақтық өнер кешіне Мемлекеттік күзет қызметінің (Президенттік оркестр) әскери оркестрі мен құрмет қарауыл ротасы, ҰҚК Шекара қызметінің бірлескен оркестрі және ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі қатысады.
Өнер додасының көркін шет елдерден келген Ресей Федерациясы Әскердің Федералды қызметі Ұлттық ұланының Солтүстік-Кавказ өңірлік қолбасшылығы штабының әскери оркестрі (Дондағы Ростов қаласы) мен Қытай Халық Республикасы Халықтық қарулы полициясының оркестрі қыздырады. Қатысушылар түрлі жанрдағы музыкалық композицияларын орындайды.
Осы күні кешке таман елорданың бірқатар алаңдарында бір уақытта әскери оркестрлер ұжымы қала тұрғындары алдында өнер көрсетеді. («Жастар» сарайының алаңында, «Байтерек» монументі алаңында және «Қазақстан» спорт кешені жанындағы Есіл өзені жағасында).
Ал, сенбі күні Астана қаласы әкімдігінің алаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлделері үшін V халықаралық «Әскери керней» фестивалінің Саптық концерті өтеді. Дәл осы жерде сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталатын болады.
Салтанатты сәтте үздік оркестр ұжымдарына бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етіледі.