Астанада әскери парад басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы «Қазақ Елі» алаңында Мемлекет басшысы — Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад басталды.

Астанада әскери парад басталды
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
Тоқаев
Фото: Ақорда

Әскери шеруге елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам, сондай-ақ дипломатиялық корпустың өкілдері де келді.

Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам
Фото: Ақорда

Атап айтқанда, 1941-1945 жылдардағы алапат соғысқа 1,2 млн-нан аса отандасымыз қатысты. Республиканың әрбір төртінші тұрғына әскер қатарына шақырылды. 

танк
Фото: Kazinform

Осы салтанатты іс-шара «Қазақ Елі» монументі алдындағы алаңда өтіп жатыр. Парадқа 4 000-нан астам әскери қызметші жұмылдырылды.

миротворцы
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Оған қоса, қала тұрғындары мен қонақтары 200-ден астам заманауи әскери техника мен қару-жарақты, әскери-көлік авиациясының 66 ұшағы мен тікұшағын тамашалай алады.

Әскери парад
Фото: Видеодан скрин

Шеруді ҚР Президентінің Телерадиокешені түсіреді. Көрермендер әскери шеруді Jibek Joly және Silk Way телеарналарынан тікелей эфир арқылы тамашалай алады. 

Сондай-ақ әскери шеру республикалық телеарналардан, еліміздің барлық қаласында LED-экрандардан, Қорғаныс министрлігінің ресми YouTube-арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Парадтан кейін қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың мерекелік концерттерін тамашалауға болады. 

Бұған дейін хабарланғандай, Астанада 7 мамыр — Отан қорғаушы күні мен 9 мамыр — Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған 100-ге жуық түрлі іс-шара жоспарланып отыр. Олардың арасында концерттер, көрмелер, акциялар, спектакльдер және т. б. бар. 

Еске салсақ, сәуір айында елордадағы әскери парадқа қатысты қызу дайындық жүріп жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар