Астанада Astana Eurasian Book Fair–2026 халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы Президент орталығы ғимаратында 22–26 сәуір күндері «Astana Eurasian Book Fair–2026» IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

VIII Eurasian Book Fair 2025
Фото: gov.kz

Аталған шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Фолиант баспасы тарапынан ұйымдастырылып отыр. Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі мәдени-ағартушылық жобалардың бірі.

Көрме-жәрмеңкеге 80-ге жуық баспа, ғылыми-білім беру және полиграфиялық компания қатысады. Оның ішінде Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла және Ұлыбритания елдерінен 40-қа жуық шетелдік ұйым бар.

Бес күнге жоспарланған мәдени-іскерлік бағдарлама аясында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, авторлармен кездесулер, автограф-сессиялар, сондай-ақ балаларға арналған шеберлік сағаттары өтеді.

Атап айтқанда, Бекарыс Шойбеков, Маржан Ершу, Ерлан Қожабаев, Ұларбек Дәлей, Әлішер Рахат сынды авторлардың еңбектерімен қатар, Анжей Сапковский, Хавьер Моро, Эрнест Хемингуэй шығармаларының таныстырылымы өтеді деп жоспарланған.

23 сәуірде Ұлттық кітап күніне орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық «Ұлттық кітап» байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.

Көрменің салтанатты ашылуы 22 сәуір күні сағат 11:00-ге жоспарланған. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі қаламгерлер мен шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері қатысады.

Айта кетейік, биыл балаларға арналған 42 мың кітап жарық көреді.