Астанада Automechanika Astana 2026 халықаралық көрмесі өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — 10-12 маусым аралығында Астана қаласындағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында Automechanika Astana 2026 халықаралық көрмесі ұйымдастырылады, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл — Орталық Азиядағы автомобиль компоненттері, сервистік жабдықтар, логистика, майлар мен автохимия саласындағы ең ірі салалық іс-шара. Көрме Қазақстанның халықаралық саудасын дамытуға және жаһандық жеткізу тізбектеріне интеграциялануына арналған маңызды алаң саналады.
Биыл шара 10 жылдық мерейтойын атап өтеді. Оған Германия, Франция, Қытай, Корея, Түркия және басқа да елдерден 400-ден астам компания қатысады.
Көрмені Messe Frankfurt GmbH халықаралық компаниясы ұйымдастырады, ал Орталық Азиядағы ресми өкіл — Business Media Central Asia (BMCA).
Іс-шара аясында B2B кездесулер, жаңа технологиялар таныстырылымы және сараптамалық сессиялар өтеді.
Көрмеге кіру тегін.
Бұған дейін Астанада өткен IX «Ulttyq Ónim – 2026» көрмесіне биыл 35 мыңнан астам адам келген. Көрмеге 600-ге жуық кәсіпкер қатысып, отандық өнімдердің жаңа түрлерін ұсынғанын жаздық.