Астанада автобус жүргізушілеріне арналған біліктілікті арттыру орталығы ашылады
Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарланған. «Қазіргі уақытта қаладағы қоғамдық көліктерде 2500 жүргізуші мен кондуктор жұмыс істейді, қызметкерлер тапшылығы 700 адамды құрайды. Біз халықаралық тәжірибені зерттей отырып, алдағы уақытта көлік жүргізушілерін оқыту және біліктіліктерін арттыру жөніндегі жаңа орталық құруды шештік. Ол негізінен психологиялық тренингтерден тұрады. Яғни, жүргізуші симуляторға жіберілмес бұрын тестілеуден өтеді. Симуляторлар сатып алынады. Оқыту бағдарламасы 80 сағатты құрайды. Оның басым бөлігі нақ осы психологиялық ахуалға арналады. Адам өзін қалай ұстайды? Оған автобусқа отыруға бола ма, әлде ол механик болуы ғана тиіс пе? Осының бәрі енгізіледі»,- деді қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рашид Аманжолов. Оның атап өтуінше, биыл ай сайын 80 адамды оқыту көзделіп отыр. Аталған орталық өз жұмысын сәуір айында бастайды. Еске салайық, Астанада тәулік бойы 669 мың жолаушыны тасымалдайтын 8 автопарк, 941 автобус жұмыс істейді.