Астанада автобус жүргізушісі қанша жалақы алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы қоғамдық автобус жүргізушілерінің орташа жалақысы белгілі болды. Оны бүгін Астана әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында «Астана LRT» көліктік бақылау департаментінің басшысы Саят Шаймерденов жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Орта есеппен алғанда, барлық автопарк пен тасымалдаушылардағы жалақы 250 мың теңге төңірегінде. Біреулер консультантсыз жұмыс істейді, оларға үстемеақы бар,  біреулер валидация жоспарын артық орындаса, оған қосымша бонус беріледі. Енді біреуі екіншісінің орнын ауыстырып, көбірек жұмыс істеуі мүмкін. Сонда төменгі жалақы 200 мың теңгеден басталып, 400 мың теңгеге дейін жетеді», - деді ол.

Ал өз кезегінде «Астана LRT» басшысы Бекмырза Игенбердинов ұйымда қолданылатын жүргізушілерді ынталандыру жүйесі жайында айтып берді.

«Тіпті автопарктерде мынадай жүйе де бар. Жүргізушілер батыр, супербатыр, құрмет тақтасы деп бөлінеді. Ешқандай шағымы жоқ, жол-көлік оқиғасына ілікпеген, барлық шарттар мен талаптарды орындайтын,өз жұмысын жақсы көретін жүргізушілер супербатыр санатына ілігеді. Әрине, олардың жалақысы да жақсы», - деді ол.

Осы орайда Б.Игенбердинов елордада кәсіби біліктілігі жоғары автобус жүргізушілерінің жетіспейтінін ашық айтты.

«Жүргізуші тапшылығы бар, ол әсіресе қоғамдық көлікте айрықша байқалады. Жүргізушілерімізді ақтағаным емес, бірақ, өзім де көлік жүргізетін болған соң оларды түсінемін. Таң атқаннан кеш батқанға дейін бір бағдарда жүреді. Жұмыс барынша ауыр, күні бойы түрлі көңіл-күйдегі, әрқилы энергетикасы бар мыңдаған адаммен кездеседі. Жол кесіп, автобус жолағына шығып кететіндер де бар. Жүргізуші автобустың сыртындағы ахуалды да, ішіндегі ахуалды да жол бойы ұдайы бақылап отыруы керек», - деді Б.Игенбердинов.

 

Соңғы жаңалықтар