Астанада аяқталған бокстан әйелдер ара­сындағы Азия чемпионатында Қазақстан қыздары командалық есепте бас жүлдені жеңіп алды

АСТАНА. Мамырдың 31-і. ҚазАқпарат - Астанада аяқталған бокстан әйелдер ара­сындағы Азия чемпионатында Қазақстан қыздары командалық есепте бас жүлдені жеңіп алды.
None
None

Ел командасы 4 алтын, бір күміс, үш қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бір апта бойы өткен байрақты бәсекеге Азияның көптеген елдерінен тәжірибелі спортшылар қатысты. Әсіресе, Қазақстан, Қытай, Корея Халық Демократиялық Республикасының боксшы қыздары жоғары нәтиже көрсетті. Сондай-ақ Тәжікстан, Үндістан, Моңғолия елдерінің арулары да жақсы дайындықтарын байқатты.

Финалдық кездесуге Қытай мен Солтүстік Корея командаларынан 6 спортшыдан шықты. Ал еліміздің бес аруы алтын жүлде үшін тартысқа түсті.

Азия біріншілігінде Жайна Шекербекова (54 кг.), Саида Қасенова (64 кг.), Дариға Шәкімова (75 кг.), Марина Вольнова (81 кг.) жеңімпаз атанды. Ал тәжірибелі боксшы Наз­гүл Боранбаева (48 кг.) күміс жүлдені иеленді.

Соңғы жарыс күніндегі доданы көруге арнайы келген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов 64 келі салмақта өнер көрсеткен Саида Қасеноваға алтын жүлдені табыс етті. Өзге салмақтағы жеңімпаздарды ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев, Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев және басқа да ресми тұлғалар марапаттады.

Соңғы жаңалықтар