Астанада әйелді өлтірді деген күдік бойынша бұрынғы күйеуі ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада әйел пышақ жарақатынан көз жұмды. Полиция мәліметінше, қылмысқа оның бұрынғы күйеуі күдікті.
Астана қаласы Полиция департаментіне оқиға туралы хабар 22 қыркүйек күні сағат 20:00 шамасында түскен.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері әйелдің пышақ жарақатын алғанын анықтады. Ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.
Күдікті ретінде марқұмның бұрынғы күйеуі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция күдікті туралы тараған ақпаратқа да түсініктеме берді.
— Күдіктінің полиция қызметкері екені туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды, — деп мәлімдеді Астана қаласының Полиция департаменті.
Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
Бұған дейін Семейде 19 жастағы қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқаны хабарланған еді. Полиция дерегінше, күдікті ізін суытпай ұсталған. Ол — 24 жастағы жергілікті тұрғын.