Астанада балабақшаларда 5800 сәбиге орын босады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада балабақшаларға балалар қабылдау басталды. Бұл туралы Астана қалалық білім басқармасының бастығы Элмира Суханбердиева мәлім етті.

Астанада балабақшаларда 5800 сәбиге орын босады

«Бізге әрбір балабақша босаған орын санын береді. Мәселен, «Әсем-ай» балабақшасында биыл 60 бала мектепке барады да, олардың орны босайды. Сол 60 орынға біздер кезекке байланысты балаларды қабылдаймыз. Осы жылы 5 800 балаға орын дайындап отырмыз»,- деді ол.

Оның атап өтуінше, 2014 жылдың соңына дейін 15 балабақшаны пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы, мемлекеттік балабақшалардың бағасы өзгерген жоқ. Ол жылдағыдай 10-12 мың теңгені құрайтын болады.

Босаған орындардың 20-25 пайызына жеңілдік кезегінде тұрғандар, ал қалғанына 2-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер қабылданады. Жеңілдік 1-2 топтағы мүгедек ата-аналардың балаларына, ата-ананың қамқорлығынсыз қалғанда сәбилерге, жетім балаларға, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға, әскери қызметкерлердің балаларына беріледі.

Ал балабақшалардағы босаған орындарға балаларды қабылдау комиссиясы бүгіннен бастап 2 шілдеге дейін жұмыс істейді. Комиссия №61 орта мектепте сағат 15-00-ден 18-00-ге дейін 300 адамды қабылдайтын болады.