Астанада балалар арасында ЖРВИ-мен сырқаттану 24%-ға өсті
АСТАНА. KAZINFORM — 2025–2026 жылдардағы эпидемиялық маусымда Астанада 313 173 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Сырқаттанғандардың 57,9%-ы — 14 жасқа дейінгі балалар.
Бұл туралы Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева елордалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
Оның айтуынша, 2025 жылдың 40-аптасынан 2026 жылдың 37-аптасына дейін ЖРВИ-мен сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 20 486,1 болды. Бұл өткен эпидемиялық маусымның сәйкес кезеңінен 1,1 есе жоғары.
14 жасқа дейінгі балалар арасында бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 41 963,1 болды. Өткен маусыммен салыстырғанда балалар арасындағы сырқаттану 24%-ға артқан.
— 10–16 қыркүйек аралығында Астанада 3 973 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Оның 2 323-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды, — деді Айгүл Шағалтаева.
Спикердің сөзінше, 2025–2026 жылдардағы эпидемиялық маусымда тұмауға ұқсас белгілері және ауыр жіті респираторлық инфекциясы бар науқастардан 1 687 сынама алынған. Зерттеу нәтижесінде 250 жағдайда тұмау, 9 жағдайда COVID-19 анықталды.
Сондай-ақ 725 сынамадан тұмауға жатпайтын басқа вирустар табылған. Олардың қатарында риновирус, респираторлық-синцитиалды вирус, аденовирус, парагрипп және метапневмовирус бар.
— Соңғы есептік аптада ауыр жіті респираторлық инфекция белгілерімен ауруханаға түскен 18 және 19 жастағы екі адамнан A (H1N1)pdm09 тұмауы анықталған. Диагноз ПТР зерттеуі арқылы расталды, — деді ол.
Бұған дейін Алматыда ЖРВИ жұқтырған 260-тан астам баланың ауруханаға жатқызылғаны хабарланған еді.