Астанада балалар жарысы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай дәстүрлі Kids Run балалар жарысы өтеді. Жарыстың басталуы 1 маусым күні сағат 09:00-де Астана қаласының Орталық саябағындағы шаңғы-роллер трассасында өтеді, деп жазды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Жарысқа 6-15 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар қатыса алады. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 300, 500 және 1000 метр қашықтықтарда сынға түседі. Қатысушылар саны шектеулі – жарысқа тек 500 бала қатыса алады.
– Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – балалардың денсаулығын нығайту, оларды спортқа баулу және салауатты өмір салтын насихаттау. Kids Run жарысы жыл сайын балалар мен олардың ата-аналары арасында үлкен қызығушылық тудырады. Қатысушылар саны 500 адаммен шектелген. Осыған байланысты ата-аналар мен қатысушыларды алдын ала онлайн тіркелуге шақырамыз. Жарысқа қатысу тегін, – деді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.
Kids Run жарысына онлайн тіркелу 29-31 мамыр аралығында өтеді. Тіркелу сайты: reg.elordasport.kz. Барлық қатысушыға мәреге жеткені үшін медаль табысталады.
Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылатын Kids Run жарысы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп, оны Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырады.