Астанада балаларға арналған этностильдегі киімдердің көрсетілімі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 3 қараша күні ҚР Ұлттық музейінде «Nation look» балаларға арналған ұлттық киімдердің сәндік көрсетілімі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Nation look» топтамасында кешегі мен бүгінгі күннің үйлесімі көрініс тапқан. Туындылардың денінде ою-өрнектер мен табиғи терілер қолданылған әрі олар заманауи стильде орындалған.

Ұлттық музей мен «Іңкәр сезім» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастыратын шараның басты мақсаты - этностильді және қазақтың ұлттық киімдерін кеңінен насихаттау.

Шара барысында Қайролла Әбішевтің «Зекенмода» және Рахима Әбішеваның «Arujan» сән үйінің топтамалары көрсетіледі.

Қайролла Әбішевтің шығармашылық бағыты негізінен жаңғыртылған заманауи топтамалардан тұрады. Жұмыстарының көпшілігі қазіргі стильмен орындалса да, ұлттық нақыш, ұлттық элементтер кеңінен қолданылады.

«Arujan» сән үйінің және оның идеялық шабыттандырушысы - Рахима Әбішеваның да топтамалары елімізде ғана емес, шетелде де танымал. Шебердің қолынан шыққан «Алтын құм» топтамасы Мәскеуде өткен «Жоғары сән» апталығында барлық қазыларды тәнті еткен болатын.

Көрсетілім шеңберінде музейдің «Шебер» және «Бейнелеу өнері студиясы» үйірмелеріндегі балалардың туындыларынан да көрме ұйымдастырылады.

Фото: Couturier.kz 

Соңғы жаңалықтар