Астанада бензин тағы да қымбаттады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы жоғары сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензинінің бағасы жанар-жағармай стансаларында тағы да өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» жанар-жағармай құю бекеттерінде АИ-92 бензинінің бағасы литріне барша еліміз бойынша 141 теңгеге дейін өсті. Бұған дейін отын құны 139 теңге болатын. Сонымен қатар осында АИ-95 бензині де қымбаттады. Егер де бұған дейін бір литрі 150 теңгеге сатылса, бүгінгі баға 154 теңге деңгейінде белгіленді. Ал АИ-80 бензині литріне 89 теңгеден өткізіліп жатыр.
Айта кетейік, ҚМГ-да ең арзан бензин сатылған болатын. Бұдан бұрын бұл бекеттерде желтоқсанның басында литріне 128-ден 133 теңгеге дейін көтерілді, ал кейіннен 137 теңге деңгейінде қалыптасты. 2017 жылғы 6 ақпаннан бастап 139 теңгеге жетті.
«Номад ойл» бекеттерінде АИ-92 отыны 139-дан 141 теңгеге дейін өсті.
Сонымен қатар бензин бағасы «Sinooil» жанармай құю стансаларында бұрынғы деңгейде тұр. Бұл компанияда АИ-92 маркалы бензині 140 теңгеге, АИ-95 маркасы 152 теңгеге сатылып жатыр.
«Helios» жанар-жағармай құю бекеттерінде АИ-92 бензині 140 теңге (ақпанның басында 138 теңге болды), АИ-95 отыны 151 теңге сомасында саудалануда.
Бұдан бөлек, «Аурикада» АИ-92 маркасының құны 141 теңге болса, АИ-95-тің бағасы 161 теңгені құрап тұр.
Естеріңізге сала кетейік, ақпанның басында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев елімізде бензин не себепті қымбаттағанын түсіндірген еді. «Себептердің бірі - ол рубльге шаққандағы теңге бағамының өзгерісі, яғни екі апта бұрын орын алған жағдайға байланысты»,-деді сол кезде министр.
Сонымен қатар ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Қазақстанда АИ-80 маркалы бензиннің өндірісі 2018 жылға дейін тоқтатылмайтын мәлім етті.
«Біздіңше, 80-ші бензиннің тұтыну көлемінің артуына, жүргізушілердің үнемдеу мақсатында Аи-92 жанар-жағармайының орнына 80-ші бензинді құюы әсер етті. Онымен қоса, коммуналдық шаруашылықтар үшін арнайы тапсырыспен бұл көлем зауыттармен шығарыла береді. Жоспар бойынша, мұнай өңдеу зауыттарының жаңғыртылуы аяқталған соң, Аи-80 жанар-жағармайының өндірісі аяқталады және ол 2018 жылы орын алмақ», - деді Мағауов.
Оның сөзінше, Қазақстандағы көліктердің 99%-ы Аи-92 және одан жоғары маркалы бензинмен жүреді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2015 жылдың қыркүйек айының басында Қазақстанның монополияға қарсы күрес органдары Аи-92 және Аи-93 бензиндерін мемлекеттік реттеуден бас тартқан болатын. Өткен жылы дизельді отын бағасы да еркіне жіберілген еді.