Астанада биыл 5 мыңнан астам ата-ана жауапқа тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Елорда көшелерінде ересектердің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандар әлі де көп кездеседі. Мұндай жағдайлар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өткізілетін түнгі рейдтер барысында анықталып отыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша кәмелетке толмағандардың заңда белгіленген уақыттан кейін тұрғын үйден тыс жерде болуына жол берген 5 324 заңды өкіл әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Кезекті профилактикалық іс-шара барысында түнгі сағат бір шамасында полиция қызметкерлері жасы 12 мен 16 аралығындағы жасөспірімдер тобын анықтады. Олар ересектердің қарауынсыз елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің маңында жүрген. Жасөспірімдер полиция бөліміне жеткізіліп, кейін заңды өкілдеріне тапсырылды. Ата-аналарына қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.
— Полиция Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кәмелетке толмағандарға түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуға тыйым салынатынын еске салады. Ата-аналарды балаларының қайда жүргенін бақылауға, олармен үнемі байланыста болуға және араласатын ортасын білуге шақырамыз. Балалардың қараусыз қалуының және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу полиция қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді, — делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Атырауда 25 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.