Астанада биыл штат қысқартылуына байланысты қанша адам жұмыссыз қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елордада штат санының немесе қызметкерлер санының қысқартылуына байланысты 149 ұйымнан 547 адам жұмыстан босатылды. Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұрат Шәкенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қысқартылған қызметкерлердің 65-і басқа ұйымдарға жұмысқа орналасқан. Ал 144 адам жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алып отыр.
— Биыл Астанада жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартының тоқтатылуына негіз болған қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуына байланысты 149 ұйымнан 547 қызметкер жұмыстан босатылды. Олардың 65-і басқа ұйымдарға жұмысқа орналастырылды. 144 қызметкер жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алып отыр, — деді Мұрат Шәкенов Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен қатар ол қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы — тиісті негіздер болған жағдайда жұмыс беруші пайдалануға құқылы заңды тетік екенін атап өтті. Алайда бұл құқық еңбек заңнамасында белгіленген талаптар мен тәртіпті қатаң сақтай отырып жүзеге асырылуға тиіс.
— Қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы — заңда көзделген негіздер болған жағдайда жұмыс беруші қолдана алатын заңды тетік. Дегенмен жұмыс беруші бұл құқықты іске асыру кезінде еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға міндетті, — деп толықтырды ол.
Айта кетейік, биылғы жарты жылда жұмыссыздық қанша пайыз болғанын жазғанбыз.
Сонымен қатар Қытайда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі кейінгі 11 айдағы ең төменгі көрсеткішке түсті.