Астанада «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «ашық есік күні» шарасы ұйымдастырылуда

«Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұхтар Еркетаевтың сөзіне қарағанда, бүгін онда кәсіпкерлер мен кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін қала тұрғындары үшін арнайы ақыл-кеңестер берілуде. «Олар бүгін «ашық есік күні» шарасына арнайы келген 9 банк өкілдерінен өздерін қызықтырған сауалдарға жауап ала алады. Банк өкілдері сонымен қатар тұрғындарға «Бизнестің жол картасы» деген не және оның кәсіпкерлер үшін қандай тиімді жақтары бар, бұл бағдарламаға қаншалықты көлемде қаржы бөлінгендігі жөнінде жан-жақты ақпараттар береді», деді филиал төрағасының орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде бағдарламаға барлығы 30 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. «Бұл қаржы арқылы біз шаһарда шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосуды мақсат етіп отырмыз. «Шағын және орта бизнессіз елімізді индустрияландыру мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі шара кәсіпкерлік саласының дамуына өзіндік ықпалын тигізеді деген үміттеміз», деді М.Еркетаев.
Оның айтуынша, «ашық есік күні» бүгін және ертең қатарынан екі күн таңғы сағат 10-00-ден кешкі 18-00-ге дейін өтеді.