Астананың білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу шаралары күшейтілді
АСТАНА. KAZINFORM — Енді буллинг туралы ақпарат түскен жағдайда ол жауапты тұлғаға тіркеліп, бір күн ішінде білім беру ұйымының басшылығына немесе жергілікті атқарушы органға жеткізіледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласының барлық білім беру ұйымында балалар арасындағы буллингтің алдын алу және оған жол бермеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қабылданып жатқан шаралар оқушылардың құқықтары мен мүдделерін құрметтеуге, сондай-ақ буллингке нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Жыл сайын жаңа оқу жылының басында елордадағы білім беру мекемелерінде буллингтің алдын алу жоспары бекітіледі. Негізгі шаралар қатарында:
- Оқушылардың, педагогтердің және заңды өкілдердің буллингтің алдын алу мәселелері бойынша хабардарлығын арттыру: әңгімелер, құқықтық сабақтар, сынып сағаттары, ата-аналар жиналыстары мен қосымша іс-шаралар ұйымдастыру (тоқсанына кемінде бір рет);
- Педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру: семинарлар, вебинарлар, мастер-кластар, коучингтер, конференциялар, форумдар мен панельдік талқылауларға қатысу;
- Балалар мен ата-аналарды қудалауға жол берілмейтіндігі туралы ақпараттандыру;
- Буллинг белгілеріне жедел әрекет ету;
- Әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету, психолог-консультацияларды есеп журналында міндетті түрде тіркеу;
- Білім беру ортасының жағдайына және оқушылар құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу;
- Буллингтің алдын алу мәселелерін ата-аналар комитетінің қатысуымен өтетін алқалы орган отырыстарында қарау.
Буллингтің алдын алуға ата-аналар қауымдастығының өкілдері, мемлекеттік органдар және білім беру процесіне қатысушылардың құқықтарына қайшы келмейтін қызмет атқаратын үкіметтік емес ұйымдар тартылады. Қудалану туралы ақпарат түскен жағдайда ол жауапты тұлғаға тіркеліп, бір күн ішінде білім беру ұйымының басшылығына немесе жергілікті атқарушы органға жеткізіледі.
Мамандардың айтуынша, көптеген жағдайда балалар құрдастарынан ерекшелігіне, өзін-өзі қорғау дағдыларының әлсіздігіне немесе тұйық мінезіне байланысты буллингке ұшырайды.
— Қарым-қатынас дағдылары жеткіліксіз дамыған, эмоцияларын басқаруда қиындықтары бар жасөспірімдер арасында буллинг жиірек кездеседі. Буллингтің құрбанына айналу қаупі балаға тән жеке қасиеттермен де, қоршаған ортаның әсерімен де байланысты болуы мүмкін. Тұйықтық, ұяңдық, өзін-өзі бағаламау — баланы әлсіз етеді, ал қолдаудың болмауы мен агрессивті орта қудалану қаупін күшейтеді, — делінген хабарламада.
Ата-аналар мен мұғалімдер буллинг белгілерін төмендегі өзгерістер арқылы байқай алады:
1. Эмоционалдық және мінез-құлықтық өзгерістер: көңіл-күйдің күрт ауытқуы, мазасыздық, жалғыздықты қалау, мектепке барудан бас тарту, ұйқының бұзылуы.
2. Әлеуметтік белгілер: оқшаулану, құрдастарымен қарым-қатынастың нашарлауы, сыныптастарымен сөйлескісі келмеу.
3. Физиологиялық белгілер: түсініксіз жарақаттар, көгерулер, жыртылған киім, бастың немесе іштің ауыруына жиі шағымдану, психосоматикалық белгілердің күшеюі.
4. Академиялық өзгерістер: үлгерімнің төмендеуі, сабаққа қызығушылықтың жоғалуы, оқу белсенділігінің азаюы.
5. Заттарға қатысты белгілер: жеке заттардың жиі жоғалуы немесе бүлінуі, ақша сұрау.
Мұндай белгілер байқалғанда психологтар ата-аналарға және педагогтерге балаға жанашырлық танытып, әңгімеде жұмсақтық сақтау, қолдау көрсету және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдауды ұсынады.
Бұдан бұрын СҚО-да биыл 20 адам буллинг үшін жазаланғанын жазғанбыз.