Астанада бос жұмыс орындарына арналған кезекті жәрмеңке өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада бос жұмыс орындарына арналған кезекті жәрмеңке 6 ақпан күні өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жәрмеңкені Астананың Жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, Еңбек мобильділігі орталығы және Сарыарқа ауданының әкімдігі бірлесе ұйымдастырады.
Жұмыс іздеушілерге арналған іс-шара 6 ақпанда сағат 11:00-де «Тұран Астана» университетінде өтеді.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жұмыссыз азаматтар, білім беру ұйымдарының түлектері және жастардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсету, яғни жұмыс беруші мен үміткер арасындағы тікелей байланыс арқылы көмек көрсету.
Аталған іс-шара барысында жұмыс берушілер компанияларын таныстырады, бос жұмыс орындарын ұсынады және өздеріне ең қолайлы кандидаттардың базасын қалыптастырады. Ал үміткерлер HR-менеджерлермен сөйлесіп, сұхбаттасудан өтіп, қызықтырған сұрақтарын қоя алады.
Бұған дейін елордада Ұлттық ұланның бастамасымен «Cyber sarbaz» сыныбы ашылғанын жазған едік.