Астанада бірнеше жол учаскесінде қозғалыс шектеледі
АСТАНА. KAZINFORM — 25 мамырдан бастап жылдың соңына дейін Аль-Фараби даңғылы мен Ф. Оңғарсынова көшесінің қиылысында көлік қозғалысы толықтай жабылады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Тәуелсіздік даңғылын (Аль-Фараби) жалғастыру құрылысы» жобасын іске асыру аясында 25 мамырдан бастап жылдың соңына дейін Аль-Фараби даңғылы мен Ф. Оңғарсынова көшесінің қиылысында көлік қозғалысы толықтай жабылады.
Көлік құралдарының бұрылуы Аль-Фараби даңғылы бойымен, сондай-ақ Ф. Оңғарсынова көшесі бойымен аталған қиылысына дейін жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, биылғы жылдың 14 мамырынан бастап Аль-Фараби даңғылы мен Хусейн бен Талал көшесінің қиылысында қозғалыс уақытша жабылады. Бұл учаске құрылыс аймағы болып саналады және қазіргі уақытта асфальт төсемі жоқ, сондықтан көлік қозғалысының қарқыны төмен. Осыған байланысты көлік құралдарының бұрылуы да аталған қиылысқа дейін ұйымдастырылады. Жүк көліктерінің өтуі қамтамасыз етіледі, алайда жұмыстардың жекелеген кезеңдерінде қозғалыс уақытша шектелуі мүмкін.
— Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге маршруттарын алдын ала жоспарлап, балама жолдарды қолдануды сұраймыз, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын Астанада бірқатар автобус бағдарының қозғалыс сызбасы уақытша өзгергенін жазған едік.